«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратТарих

БIР ШЕЖIРЕНIҢ ҚҰПИЯСЫ: Немесе «алдамшы» билер, «қуыршақ» хандар хақында

БIР ШЕЖIРЕНIҢ ҚҰПИЯСЫ: Немесе «алдамшы» билер, «қуыршақ» хандар хақында
ашық дереккөзден

Қабдеш Жұмаділов,

Қазақстанның халық жазушысы,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Бiздiң алдымызда биыл жыл басында «Жалын» баспасынан шыққан, көлемi төрт жүз беттен астам қалың кiтап жатыр. Жай кiтап емес, жазылуы жұмбақ, сақталуы одан да таңғажайып, сырлы дүние. «Түп-тұқияннан өзiме шейiн» деп аталатын бұл кiтаптың маңдайында – Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы деген жазу бар. Алғысөздегi мәлiметтерге қарағанда, 18-ғасырда өмiр сүрiп, қазақ-жоң-
ғар соғысына бастан-аяқ қатысқан Қазыбек бек бiр ұрыста ауыр жараланып, дүниемен қоштасайын деп жатқанда, 1776-жылы 84 жасында жазып шығыпты. Екi ғасыр бойы ұрпақтарының сандығында сақталған қолжазба 1937 – 1990 жылдар аралығында әлдебiр сақтықпен жер астында көмулi жатқан. Ес бiлгеннен берi оған ие болып, әлсiн-әлi көшiр-
тiп, сақтап келiп, ақыры баспаға ұсынған – белгiлi журналист, Қазыбек бек Тауасарұлының шөбелегi (сiрә, шөп-
шектен кейiнгiсi болар) Балғабек Қыдырбекұлы.

Кiтаптың беташарында «Жалын» баспасының директоры Бексұлтан Нұржекеұлы жұртшылықтан былай деп сүйiншi сұрайды: «Қазыбек бектiң мына кiтабы – халқымыздың тарихына талай-талай тың беттер қосатын кiтап. Мұны оқып шыққан әрбiр адам, сөз жоқ, өзiнiң қазақ екендiгiн мақтаныш тұтады… Сол үшiн сiздерден «Жалын» баспасы сүйiншi сұрауға қақылы. Сүйiншi, қазақ! Iргелi ел болғаныңды, ел қорғайтын ерлер тудырған қањарман халық болғаныңды дәлелдейтiн тағы бiр тарихнама табылды!».

Мұндай оқиға баспасөз тарихында бұрын-соңды болмаған. Абайдың толық жинағы, Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолы» эпопеясы басылып шыққанда да, ешкiм де бұлай алақайлап сүйiншi сұрамаған. Тiптi, қазақ елi тәуелсiздiк алғанда да, көп жаңалықтың бiрiндей, жай хабарлай салғаны есiмiзде… Ал жоғарыдағы жарнамадан кейiн бүл кiтап-
ты алмай көр, оқымай көр!

Бiрақ кiтапты оқи келе iш жиып қалғанымыз: бұл жасы сексеннен асып, ауыр жарадан өлейiн деп жатқан қарттың асығыс түсiрген жазбасына тiптi де ұқсамайды. «Ата шежiре» аталатын алғашқы тарауда Ғайса тумастан он неше ғасыр бұрын өмiр сүрген ағайынды Қадыр және Қалша деген кiсiлерден бастайды да, Тауасарұлының өзiне дейiн жiпке тiзгендей етiп, асықпай баяндайды. Тiзiп көрсетiлге-
нi – сексен тоғыз ата, яғни үш мың жылға жуық уақыт қой бұл. Содан ешкiмдi қалдырмай, аты-жөнi, тарихта атқарған қызметi, тiптi ағайынды кiсiлердiң қайсысы қай әйелден туғанына дейiн бiр-бiрлеп санап бередi. Екiншi тарауда Тауасарұлының өмiрбаяны, ғылым iздеп дүниенiң төрт бұрышын қалай шарлағаны әңгiме болады. Үшiншi тарау: жоңғарға қарсы соғыс күнделiгi, автордың замандастары – хандар мен билер, батырлар туралы естелiктер… Оқиға бiрде хроникалық шолу, бiрде ой ағысы, ендi бiрде шегiнiс түрiнде баяу жүрiп отырады. Тек қана баяндау емес, пейзаж, портрет, мiнездеме, суреттеме, диалог, монолог дейсiз бе – көркем проза құралдарының бәрi бар. Соған қарап шығарма жанрын өмiрбаяндық роман, немесе, қазiр бiреулер айдар тағып жүргенiндей, «роман-эссе» деп атауға әбден болатындай. Ендеше жаңағы сүйiншi сұраушылар бұл шығарманы жай «тарихнама» дей салмай, оны қазақ прозасының басы, яғни 18-ғасырда туған қазақ романы деп атауды қалай ескермедi екен? Бiлген кiсiге, нағыз сүйiншi-
нiң көкесi сол емес пе? Қазақтың қара сөзiн Абайдан iлгерi апара алмай жүргенде, аттай екi ғасыр ары аттап түссек, одан өткен қуаныш бола ма? Бiрақ көп ұзамай оның да мәнiсiн ұққандай болдық. Сiрә, әлденеден қуыстанған «мұрагерлер», алдымен осыны бiр бойға сiңiрiп алайықшы дегендей, одан ары тереңдеуге сақтық жасаған тәрiздi.

Сонымен, «Түп-тұқиянды» iшкерiлеп оқыған сайын, бiздiң де пiкiрiмiз өзгере бастады. Ең ақырында, кiтапты оқып шығып, соңғы бетiн жапқанда, мынадай қорытындыға келдiк: Бұл шығарма – бiреулер даңғазалап жүргендей, 18-ғасыр туындысы емес, үстiмiздегi өзiмiздiң күнәлi ғасырымызда, онда да тым алыс емес, осы таяу жылдарда жазылған дүние. Ол үшiн бiр жақтан дәлел iздеудiң де қажетi жоқ. Кiтаптың әр жолы, әр сөзi: «Мен бүгiнгi дәуiр-
дiң перзентiмiн» дегендi айғайлап айтып тұр. Әрине, бiз мұнда Қазыбек бек Тауасарұлы деген кiсi тарихта болмады деуден аулақпыз. Өткен заманда сондай бiр адамның өмiр сүруi, тiптi оқыған сауатты кiсi ретiнде, өз ұрпақтарына жұқалтаң ата-баба шежiресiн жазып қалдыруы да мүмкiн. Бiрақ тұтас бiр том құрайтын «роман-эссе» мына қалпында жазба әдебиетi мүлде қалыптаспаған 18-ғасыр аясына сыймайтыны айдан анық.

Әсiлi, мұндай көне мұраны бағалауда бұлтартпайтын таразы – текстология, яғни шығарманың тiлi ғой. Ал «Түп-тұқиян» жалпы стиль, сөз саптау, сөйлем құрылысы жағынан сонау 18-ғасырды былай қойып, тiптi бергi Абай дәуiрiне де жақындамайды. Түп-түгел бүгiнгi күннiң қолтаңбасы, онда да өзiмiз күнде оқып жүрген «Социалистiк Қазақстанның» қасаң тiлi. Бұрынғы қазақтардың сөздiк қорында болуға тиiс емес, тек бергi Кеңес дәуiрiнде аударма арқылы енген жаңа тiркестер. Автор қазiргi грамматика даңғылымен ағып келе жатады да, оқта-текте, сiрә жазып отырғаны «көне мұра» екенi есiне түсiп кететiн болуы керек, ептеп сол дәуiрге лайық бояу қосқан болады. Олары онша көп те емес: китап, ғақыл, ғараб, ғаскер, ғаләб, ләкин, мағрифат, әњмият, итифақ сияқты араб, парсы араласқан қырық-елу сөзден аспайды. Оның есесiне, кiтаптың өн бойы 18-ғасырға жанаспайтын жаңа сөздерге сықып тұр.

Сөзiмiз дәлелдi болуы үшiн, кез келген тараудан мысал келтiрейiк: «мен жазу-сызудан аузы күйген адаммын» (20-бет), «мүддемiздi жылтырақ түймелерге айырбастағысы келетiндер арамызда бар». (129), «пiкiрiн ашық айтты», «Әбiлқайыр секiлдi мансапқорлар…»(130) «батыс Еуропа басқыншылары» (134), «Өтен де, мен де қалталы балалармыз» (136), Ол iшiмдiкке берiлген… Мен де ол адамды аз суарған жоқпын» (139), «Бiздiң тарихымызда болды деп өз басым есептемеймiн» (146), «Орыс дегендi – ұрлық, арақ десең де болады» (183), «бiр тал шашын түсiрмей, Жетiсуға жеткiзiңдер» (185), «Абылай жиын өткiздi» (196), «осы соғысты менiң атам Матай би былай суреттейдi» (209), «өз бастарымен қимылдауды қойған» (212), «Петрдiң ойы – қазақ жерiн қаратып алу. Ол – Азияның кiлтi…» (214), «жиынды Болат ханға ашқызды», «Әйтеке ашық кеттi» (230), «Қазақтар шетке шығып күрiктене бастады» (234), «Ұлы жүз қолына басшылық ету (!) маған жүктелдi (236), «өзiм осылай шештiм» (240), «Ақшаны көрген тараншы құдайын ұмытып кетедi» (243), «Ұрыста бастық бiреу болады», «менi Жолбарыс қолдады» (246), «Қолбасшылыққа белгiленген Бөгенбай» (248), «Қалмақты қыру жоспары осылай…» (265), «сенiм маған артылған-ды» (270), «Мен мансап iздемедiм» (284), «Рухани жан дүниесiне тоқталмадым» (302), «Табандарын жалтыратыпты» (246), «Қалмақтың құруына зор үлес қосқан» (348), «Жүйкемнiң әбден жұқарғаны» (387).

Жә, осы да жетер. Егер мұндай жаңа тiркестердi тiзе берсек, кiтапты түгелге жуық көшiрiп шығуға тура келедi. Мұның сыртында «болған-ды», «келген-дi» «болса керек-тi» сияқты бертiнде кiрген формалар қаншама… Сонымен, бұл шежiренiң таяу жылдарда көлемi әлденеше есе өсiрiлiп, қайта жазылғаны талас тудырмайды. Кiтаптың бiтiмiне қарап отырсаңыз, бiреу о баста көне шежiренi негiзге алып, тарихи шығарма жазбақ болған секiлдi. Роман-эсседегi Қазыбек бек Тауасарұлының кейде автордан гөрi әдеби кейiпкерге ұқсап тұратыны содан. Алайда «мұрагер» ол ойынан тез қайтқан. Өз жазбаларын көркем шығармадан гөрi сенiмдiрек «көне мұраға», ешкiм таласпайтын тарихи құжатқа айналдырғысы келген. Мақсат – бұрын белгiсiз боп келген өз руының батырларын тарих сахнасына шығару, өз заманында ешкiм иық теңестiре алмайтын Тау-
асарұлы дегеннiң дара тұлғасын жасау.

Ал сонда бұрын жұртшылыққа мәлiм болмаған, өлең-жырда, не тарихи құжаттарда айтылмайтын, өз елiнiң шежiресiне жүйрiк Сүйiнбай мен Жамбылдың аузына да iлiнбеген шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы деген кiм? Ендi соған келейiкшi.

Кiтаптың айтуынша, Қазыбек бек хижра есебiмен 1070-жылы, яғни бiздiң жыл санауымызша 1692-жылы туған. Әкесi Тауасар би оны алты жасында (!) Бұхараға оқуға жiбередi. Бұхара медресесiнде үш-төрт жыл оқып қайтқан соң, бiрер жыл ауылда бала оқытады. Бiрақ ол бұл оқуға қанағаттанбай, он жасында (?) бiлiм iздеп, тағы да дүниенi шарлап кетедi. Бұл жолы аралап көрген, бiлiм алған қалаларын санап тауысудың өзi қиын: Бұхара, Самарқант, Кабул, Ғират, Басыра, Тегеран, Исфањан, Бағдат, Шам, Анкара, Стамбул, Рим… Сол заманда бiлiм iздеген қазақ баласына осы қалалардың бiр-екеуi де жетiп қалар едi. Жоқ, ол қасына Өтен деген жолдасын ертiп алады да, төрткүл дүниенi үздiксiз кезе бередi. «Бiз Өтен екеумiз – бiрiмiз онға, бiрiмiз он бiрге келген баламыз» дейдi ол Бұхарадан Иранға кетiп бара жатып. Айтпақшы, оған дейiн Самар-
қанттағы Ұлықбек медресесiнде бiр жарым жыл оқып, Хафиз әпендi деген ғұламадан дәрiс алады. «Ол – iшiмдiкке берiлiңкiреп, үнемi көзi қызарып, шарап iздеп жүретiн кiсi. Мен ол адамды аз суарған жоқпын» дейдi бiздiң он жасар кейiпкерiмiз (139).

Содан бұлар шањарларды аралай жүре, Исфањанда үш жыл, Бағдатта екi жыл оқиды. Осында әл-Фараби еңбек-терiмен танысып, ұлы ғалыммен сырттай пiкiр таластырады. Тiптi бұларға ендi оқу шақ келмейдi. «Шам шањарындағы кiтапханалар онша бай болмады» дейдi ол (157-бет). Одан Анкараға тартады. Бiрақ оны Анкара кiтапханасы да қанағаттандырмайды. Тек Стамбулға келгенде iздегенiн тауып, үш жылдай тұрып қалады. «Мұнда бiздiң зерттеп, оқығанымыз аспан әлемi едi» дейдi автор (161-бет). Бұлар қаладан қалаға тұрақтамай неге көше бередi десек, оның да себебi бар екен. «Түрiктерден де көңiлiм қалды, бұлар да парсылар мен арабтар сияқты өз туысқандарын (қыздарын) өздерi алады екен» дейдi ол Стамбулдан кетерде (168-бет).

Осыдан кейiн еуропалық бiлiмнiң дәмiн татпақ болып, бiздiң жињангездер Римге аттанады. «Менiң Ромда iздеп барғаным: әуез-әуен өнерiне байланысты iлiм едi. Екi жыл iшiнде сәулет өнерiнен де, әуез өнерiнен де ұстаз жалдап оқыдым (не деген бiтпейтiн ақша). Ромдағы тастан қашалған мүсiндер, неше түрлi бейнелердi көрiп, бiздiң жұртты құртқан ислам дiнi екенiне көзiм жеттi. Және оған шын көңiлiмнен лағынет айттым» (167-бет) дейдi ол. Сөйтiп, Бұхара мен Шамда, Бағдат пен Стамбулда мұсылманша оқыған ғұлама бiр-ақ күнде бүгiнгi заманның белсендi атеисi болып шыға келедi.

Бiрақ, оның есесiне, Қазыбек бек Римде жүрiп, Италия операсына талдау жасайды. Әр түрлi музыка аспаптарында ойнайды. Ғайсадан да бұрын өткен бабасы Майқының әндерiн нотаға түсiредi… Содан, не керек, жиыны он неше жыл дегенде елге қайтады ғой. Әрине, барған iздерiмен емес, бұл жолы жер көрмек болып, Еуропаны аралай жүредi. Жол-жөнекей, Мадрид, Берлин қалаларында аял жасайды… Ресейге келгенде, Дон даласындағы Пашка косой деген бай орысқа бiр қыс малайлыққа жалданады. «Пашка Косой, оның бәйбiшесi, үш ұл, үш келiнi, үш қызы тырдай жалаңаш араласып, моншаға бiрге түседi екен… Дүниедегi елдердiң көбiн көрдiм ғой мен. Сонда орыс елiнен тәртiпсiз, жабайы ел көрмедiм» деп орыстармен күнi бұрын жауласатыны бар (182-183-бет.)

Сонымен, әр түрлi iлiм-бiлiмнен хабары бар қазақ даласындағы жалғыз ғұлама 1709-жылы аман-есен елге оралады. Сонда, жарты әлемдi шарлап, әр қалада екi-үш жылдап он екi жыл оқыған жињангез неше жаста дейсiз ғой? Небәрi он жетiде… Ол «Мен Еуропада оқығанда» деген сөздi бұдан кейiн де тарау сайын қайталап отырады. Сол бiр жаумен жағаласқан 18-ғасырда қазақта «Еуропада оқу» дәстүрi болды ма? Болса одан бұрын кiмдер оқыды? Кейiн кiмдер жалғастырды? Оған жауап жоқ…

Қазыбек бек Тауасарұлының бұдан былайғы әңгiмесi де барон Мюнхаузеннiң хикаяларын еске түсiредi. Елге келген соң көп кешiкпей, Төле би оған: «Сенi Қытай елiне елшiлiкке жiберсек қайтедi?» деп қолқа салады. Бiрақ, Тау-асарұлы: «Қытайлар мен сияқты бойдақтарды басшыларының (!) қызына некелестiрудi ұнатады. Сөйтiп, арманын жүзеге асыруды ойлайды» деп бас тартады (188-бет). Құдайдың сақтағанын көрдiңiз бе? 18-ғасырдың басында қазақ-қытай арасында ешқандай байланыс болмағанын автор ескерiп те жатпайды. Көп ұзамай, Әз-Тәуке де оны ордаға шақырып әңгiмелеседi. «Ол менi хатшылыққа алғысы келетiнiн айтты. Мен келiсiм бере алмадым» дейдi автор (213-бет). Дүниеде хан жарлығына қарсы тұратын кiсi де болады екен деп таңданып қаласыз. Бiрақ елдегi «жалғыз оқымыстыға» хан да, былайғы билер де бата алмайды.

Он екi жыл бойы үздiксiз оқып, қағаз сорып тастаған ғұлама ендi ел iшiне келiп бiлiм таратар деп күтесiң. Жоқ, ол ендi аяқ астынан батыр болып шығады, 1718-жылғы Аягөз соғысының жуан ортасында жүредi. Айтпақшы, осы ұрыста Қабанбаймен танысады. Батырлардың арасында оның мойындайтыны Қабанбай ғана. Бiрақ, кiтаптың өн бойында оған Дарабоз, не Сардар деген атты қимай, бала сияқты Ерасыл деп атайды. Көңiлi түскенде «Ереке» дейтiнi бар. «Аягөз ұрысынан кейiн Қайып хан менi шақырып: «Сыбан Рабдан қаршысына (ордасына) елшi болып бар» дедi. Мен ел үшiн келiсiм бердiм. Келесi жылы бардым. Сыбан Рабдан менiң әкем қатарлы. Мен оның Доржы (?) деген баласының қолында тұрдым» дейдi ол (216-бет). Сiрә, автор ол замандағы елшiнi қазiргi елшiлiк сияқты деп шамалайтын болса керек, ойрат ордасына барған Тауасар-ұлы төрт жылдай тұрып қалады. Тек 1723-жылдың басында, «Ақтабанның» алдында ғана елге қайтады. «Баламдай болып кетiп едiң. Ендi елiңе қайта бер» деп, қазаққа қыр-
ғын салғалы  отырған Сыбан Рабдан онымен қимай қоштасады. Ал қонтайжының қытай әйелi: «Төлекейге сәлем айт» деп қиылады (216-бет). Сөйтсек, жаңағы ханым қыз кезiнде Қазыбек бектiң немере ағасы Төлекеймен көңiлдес болған екен… Осыларды оқып отырғанында, не күлерiңдi, не жыларыңды бiлмейсiң. Жансыз ақ қағаз бәрiн де көте-
редi екен ғой!

Содан, не керек, көктемде «Ақтабан шұбырынды» басталады. Бәлкiм, басқалар қырғынға ұшырап, босып кетсе кеткен шығар, ал шапыраштылар бәлендей қиындық көрмейдi. Өйткенi, «Шапырашты – аса жауынгер ел. Оған «Бақтияр! Бақтияр!» деп үш рет айғайласаң болғаны, тайлы-таяқтысы қалмай тас түйiн жиналады» дейдi автор (218-бет). Ұлы жүз қолын, әрине, хат сауаты бар Тауасарұлы басқарады. «Бiз Шапырашты атамыздан қалған «құйрық жеу» соғысына салмақ болдық» дейдi ол. Басқалардың қаперiне де келмейтiн мұндай тәсiл, әрине, жеңiске жеткiз-
бей қоймайды. «Қалмақтар Шөпқорада жайрап қалады… Шоқпарға кiре берiсте Өтеген он шақты қалмақтың басын шауып түсiредi» (229-бет). Тек, қалмақты көрiнген жерде шыбындай қырып жүрсе де, бұлардың ата қонысын тастап, түстiкке қарай неге қашатыны түсiнiксiз…

Ордабасында өткен 1726-жылғы жиыннан кейiн бiрден ұлы жорық басталып кетедi. Қол басында – тағы да Тау-
асарұлының өзi. «Жетi мың адамға басшылықты (?) мен жасадым. Сол жылы он алтыға толған үлкен ұлым Қасқары бiр мыңның иесi болды» (231-бет) дейдi ол. Автордың айтуынша, бұл жорыққа Орта жүз бен Кiшi жүз батырлары мүлде қатыспаған секiлдi. «Осы ұрыста Бөгенбай батырды көрдiм… Бөгенбай қолтоқпақтай (?), өте тез қимылдайтын адам екен» дейдi Арғын батырын онша менсiнiңкiрмей (232-бет). Сарысу, Бұланты маңында өткен алғашқы соғыс-
та да майданның маңдай алдында Қазыбек бектiң әскерi тұрады. Осы соғыста шешушi роль атқарған Қабанбай, Шақшақ Жәнiбек, Саңырақ, Тайлақ батырлардың қайда жүргенi белгiсiз. Ал Ордабасыда қолбасы боп сайланған Әбiлқайырдың қарасы да көрiнбейдi.

Тауасарұлының ұрыстағы ақылшысы – Төле би ғана. «Әлгi «ай қораланған» соғысын қашан қолданасың? Соныңды жаса!» дейдi Төле бiр күнi Қазыбек бектi шақырып алып. Сол-ақ мұң екен, «Ай қораландыны» бастап кетедi. Бұл тактиканы тапқан да – Тауасарұлының өзi. «Қалмақтар бiлмеу үшiн атын да өзiм қойғанмын» дейдi ол кiшi-пейiлдiкпен. Несiн айтасың, бұл бiр – рақат соғыс: жау әскерiн айналдыра қоршап аласың да, бiртiндеп қыса бересiң. Ал қалмақтар қорадағы қой тәрiздi қашан қырылып бiткенше ортада иiрiлiп тұра бередi (234-бет).

Бұланты бойында iрi жеңiске жеткен Қазыбек бек Тау-
асарұлы 1730 жылғы Аңырақай соғысында да шешушi рөл атқарады. «Бұл жолы он үш мың Ұлы жүз қолына басшылық ету (!) маған жүктелдi… Ойраттар бұрын қалмақ арасында болған менi құртуды мақсат етiп, артымнан аңдушы қойды» дейдi автор (236-бет). Бұрын-соңды Абылайдан, Қабанбай мен Бөгенбайдан бүйтiп қауiптенбеген ойраттар Тауасарұлынан қорқып, басына бәйге тiгедi… Бұл соғыста да Әбiлмәмбет, Әбiлқайыр, Барақ, Қабанбай, Шақшақ Жәнiбек дегендер атымен жоқ. Орта жүзден тек Бөгенбай қолының ғана қатысқаны айтылады. Бiрақ олар да жай «қонақ» ретiнде ұрысты сырттай тамашалаумен болады. Өйткенi басқаға салмақ түсiрмей, жауды қынадай қыруға Шапырашты батырларының өзi-ақ жетiп жатады. Аңырақай соғысындағы алғашқы жекпе-жекке Орта жүзден Олжабай батыр шықпақ болғанда, Төле би мен Тауасарұлы оны жiбермей, Шапыраштының қырқыншы ұрпағы (қандай дәлдiк!) Бөлек батырды шығарады. Себебi, «Олжабайды ұрысқа айдап салды деген қазақтың өсегiнен қаштық» дейдi (251-бет). Мұнда қандай өсек болуы мүмкiн деп таңданып қаласыз. Сөйтсек, Аңырақай – үйсiн жерi екен ғой: «Олжабайды бiз ұзақ тұруға шыдамас деп, ұрысқа жiбер-
медiк… Оған күш салған Төле би болды: «Үйсiн жерiндегi соғыста арғын өлгенше, үйсiн өлсiн!» дедi. Бұған Қаз да-
уысты Қазыбек те, Жолбарыс та тоқтады» дейдi ол (253-бет). Сөйтiп, «жүзге бөлiнгеннiң жүзi күйсiн» дейтiн Төле би қан майданда қазақ батырларын руға жiктейдi… Автордың пайымдауынша, ол заманда әр ру тек өз қонысы үшiн ғана соғысқан секiлдi… Олжабайға тiптi келесi кезек те тимей қала жаздайды. Етi қызып алған Бөлек: «Олжабай аға – мейман ғой» деп (қандай сыпайылық), батырдың жолын бөгейдi. Сонда Олжабай шыдамай кетiп: «мейман болсақ, осы соғысқа боқ жегелi келдiк пе?» деп (рас-ау) билердiң батасын зорға алады (257-бет).

Автордың соғысты суреттеген тұстарына күлмеске лажың жоқ. Оның ұғымында, жекпе-жекке шығатын батырларды алдын-ала билер бекiтетiн көрiнедi. Қазақтың хан-сұлтандары, қолбасы батырлары қырылып қалғандай, Ұрыс тiзгiнiн үнемi Төле би мен Қазыбек ұстайды… Қазақ пен қалмақ әскерi ұрысар алдында бiр-бiрiне елшi жiберiсiп, «қалай соғысамыз» деп ақылдасатынын қайтерсiң?! Автордың ойынша, жекпе-жек екi жақтың батырлары қырылып бiткенше созыла беруге тиiс. Мәселен, Аңырақайдағы жекпе-жек он бiр күнге созылады. «Осы он бiр күнде жиырма тоғыз қалмақ өлдi» дейдi ол, қашанда дәлдiктi сүйетiн әдетiмен… Ал, Аңырқайдағы Абылай ерлiгi жайында жай атүстi әңгiме болады. Өйткенi, бұл кiтаптағы тұжырым бойынша, Абылай – төре де, сұлтан да емес, құлдан туған ғой. Сондықтан ол Аңырақай ұрысы кезiнде Орда маңына жақындай алмай, Жаныс Сәңкiбай батырдың жүздiгiнде жүредi. «Қайта қашқан қалмақ қолына Сәңкiбай сарбаздары ат қойғанда, алдан «Абылай, Абылай» деген айғай шықты. Қарасақ, кәдiмгi Сабалақ. Осыған дейiн Төленiң есiгiнде жүрген Сабалақ… Осыдан кейiн жiгiттер оны бiрi қалжың, бiрi шын Абылай атап кеттi… Мен оны ғұмыр бақи Әбiлмансұр деп кеттiм» дейдi қашанда одан өзiн жоғары қоятын автор. (260-бет).

Аңырақай жеңiсiнен кейiн Тауасарұлы «жасы қырыққа келiп қалғандықтан» (!), өз орнына жаңа қолбасы iздейдi де, таңдау Шапырашты Наурызбайға түседi. Бiрақ осының алдында ғана: «Наурызбай менiң тұңғыш ұлым Қасқарыдан екi-ақ жас үлкен» деп отырады да, осы арада аяқ астынан шатасады: «Ол кезде Ромнан (Римнен) оқудан келгенiме көп болмаған (шамасы, әлi үйлене қоймаған), үстiмде еуропаша киiм болғандықтан, жұрттан бөлек көрiнген менi балалар тамашалап төңiрегiмнен шықпайтын» дейдi ол, өзiнiң Наурызбайды алғаш қалай көргенiн есiне түсiрiп. Қымыз iшкен соң Тауасарұлы желi басына барады. Жылқы iшiнде бiр асау қасқа құнан жылқышыларға ұстатпай жүредi. «Сол кезде Наурызбай асауға жолбарысша атылды. Оның түп құйрығынан алып жерге баса қалды. Бейшара қасқа құнан шыңғырып жiбердi де, дәрет сындырған итше шоңқиып тұрып қалды» (267-бет). Бұл арада Наурызбайдың қайратына шәк келтiруден аулақпыз. Бiрақ ол, автордың есебi бойынша, бұл кезде тумаған, туса да жасқа толмаған сәби емес пе?!

Кiтапта мұрагерлердiң қатесiнен кеткен осы сияқты бiрiн-бiрi жоққа шығаратын жайлар аз емес. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн мысал келтiрейiк: өз айтуы бойынша, Қазыбек бектiң тұңғыш ұлы Қасқары 1710-жылы дүниеге келген. «Осыдан кейiн Сұңқар (әйелi) ұзақ уақыт құрсақтанбай, арада қырық жыл өткенде барып, үш ұл туды. Олардың аттары: Құдабай, Құланбай, Тұрпан… Ал Тұрпанды бәйбiшем алпыс үш жасында туды» дейдi ол (122-бет). Бұл қалайда 1750-жылдан кейiн болған уақиға. Осы тұста оның бертiнде алған екiншi әйелiнен де Қошқарбай, Тоқтыбай, Қозыбай деген балалар туады… Алайда уақыт есебiнен жаңылған автор (анығын айтсақ – мұрагер) әлi тумаған сол балаларды 1730-жылғы Аңырақай соғысында шабындыға ұшыратады. «Шала жансар жатқан балалардың төртеуi менiң балаларым болып шықты. Бәйбiшеден туған Құланбай, Өлеңнен туған Қошқарбай, Тоқтыбай, Қозыбай… Оларды тiрiлтiп алып, Құдабайды iздеп шарқ ұрдық»(123-бет). Өзiн осыншама суайт, өтiрiкшi ғып шығарған ұрпақтарын атасының аруағы кешiрер ме екен?!

Дәл осы көрiнiстен кейiн «Көштiң алды Қордай асып, Қарақоңызға шығып кетiптi» деген сөйлем бар. Иә, Шу бойына тақау «Қарақоңыз» деген жердiң бары рас. Бiрақ бұл есiм ол жерге Аңырақай соғысынан кейiн жүз елу жыл өткенде, 19-ғасырдың 80-жылдары, яғни осында дүнгендер көшiп келген соң қойылған. Егiс даласында қара қоңыздай қаптап жүрген кiлең қара киiмдi адамдарды көрiп, қазақ-қырғыздың қойған аты… Iзiмiздi қанша жасырдық дегенмен, кiтапта ұрыны ұстап беретiн осындай айғақтар толып жатыр.

Әсiлi, 1729 – 1730 жылдарда қазақ әскерiнiң Аңырақай мен Алакөл маңында бiршама жеңiске жетуi жайдан-жай емес. Дәл осы мезетте Жоңғарияға шығыстан Маншың әскерi шабуыл жасап, ойрат қолы екi майданға бөлiнiп қалған-ды. Тек, бiр өкiнiштiсi, қазақ хандары өзара алауыз болып, бұл мүмкiндiктi ақырына дейiн пайдалана алмады. Шығыстағы көршiсiмен бiтiмге келiп, ес жиып алған ойраттар арада бiрер жыл өткенде, Жетiсу мен Сыр бойына қайта келiп ошарылды. Ұлы жүз руларының бiржола бодандыққа түсетiнi, Жолбарыс ханның жоңғарға алман-салық төлеп, әр рудан аманатқа бала беруге көнетiнi, Төле бидiң Халдан Церен атынан Ташкентке бек болатыны мiне, осы кез… Қазақ жерiн жаудан бiржола босатқан ең соңғы азаттық жорығы тек 1752 –1753-жылдарда басталғаны мәлiм. Оған дейiн Алтай мен Тарбағатайды, Жетiсу өңiрi мен Талас, Шу бойларын ойраттар басып жатты. Алатау бауырындағы жекпе-жекте Қаскелеңдi Қабанбайдың өлтiретiнi, Шамалханды Наурызбайдың мерт қылатыны – елуiншi жылдардағы осы соңғы соғыстың кезi.

Алайда, «Түп-тұқиянның» авторы тарихи фактiмен санасып жатпайды. Наурызбай бас қолбасы, Қазыбек бек ақылшы болған Ұлы жүз әскерi сол отызыншы жылдардың өзiнде-ақ Iленiң сол қапталын ойраттан азат етiп, содан кейiн-ақ жауды бұл маңға жолатпай қояды. Боралдайды Бөлек батыр өлтiрсе, Қаскелеңдi де, Шамалханды да Наурызбайдың бiр өзi жайратып салады. «Мен өзiм көрген ғаламнан мұндай ұлы бейненi, алып тұлғаны көрмедiм… Ұзыны мен көлденеңi бiрдей деген Ғазiрет Әли де осындай денелi болмаған шығар» дейдi автор Наурызбай туралы (258-бет).

Егер, мына кiтапты қазақ тарихынан хабары жоқ, шет-
елдiк бiреу оқыса, «ойпыр-ай, 18-ғасырда Қазыбек бек Тау-
асарұлы тумаса, қазақ халқының жағдайы не болар едi?» деп ойлайтыны сөзсiз. Өйткенi ол мұнда Төле биден де, Қаз дауысты Қазыбектен де, Қабанбай мен Бөгенбайдан да жоғары тұр. Тәйiрi, хандарды қойшы! Әбiлқайыр – сат-
қын, Абылай мен Жолбарыс – құлдан туған қуыршақ. Ал Бұқар жырау болса, Тауасарұлы жазып берген өлеңге ие бола алмай жүретiн бiр жаңғалақ сорлы… Бәрiнiң де хат танитын жалғыз адам – Қазыбек бек Тауасарұлына күнi түсiп, жалынышты боп жүргенi. Бiрнеше мысал: «Адасты бiзге де жiбермейсiз бе? Бiздiң тiршiлiгiмiз де қағазда қалсын» деп Қаз дауысты Қазыбек Тауасарұлын сұрап, Төле биге хат жазады (246-б). Кiтап жазып жатқан Тауасарұлына Бұқар жырау келiп: «Бек, бiздiкi желге кеткен сөз болып тұр ғой. Сенен ғана iз қалар… Сонда ұмытылмасақ болды» деп дүниеден түңiлгендей болады (290-бет). Сол Бұқар тағы бiр келгенде: «Бек, бұдан бұрын хатқа түсiрiп берген өлеңiңдi жоғалтып алдым. Ойымда қалғанын бiр ноғайға түсiртiп едiм, бұрынғыдай шықпады… Ауырсынбасаң менiң өлеңiмдi өзiңде де қалдырсаң еттi, ұрпаққа жетсiн. Атамыз Бұқар жырау «Арғын деген арыспын, азуы алты қарыспын» деп жүрiп, артына түк қалдырмапты демесiн» деп Қазыбек бекке жалынады (340-бет).

Ал, Қабанбай мен Бөгенбай өз ерлiктерiн Тауасарұлына жаздыру үшiн, өздерi оған өтiнiш айтуға бата алмай, Қаз дауысты Қазыбектi салады. Ақыры Қабанбай Наурызбайдың соңынан қалмай жүрiп: «Наурыз батыр, Бектiң бар жазбасын жалғыз пайдаланып, бiзге бiр жiбермейсiң. Бiз де атымызды тауарыхта қалдырғымыз келедi. Бiз де қазақ үшiн соғыстық қой. Осы жолы Бек менiң қолымда болсын» деп, Тауасарұлын әрең дегенде сұрап алады. Одан Бөгенбай сұрап әкетедi. Қазыбек бек екi қолбасының сауатын ашып қана қоймай, қалай соғысу жөнiнде оларға бiраз ақыл үйретедi. «Бiздiң Наурызбай жекпе-жекке шыққанда сауыт кимей, ерiнiң қасына шоқпарын iлiп, сүңгiсiн ғана алып шығатын. Ал Қабанбай сауыт киедi екен… Бұл өте сақтықтың белгiсi» дейдi ол батырға көңiлi толыңқырамай. Ал Бөгенбайға келгенде: «Бөгенбайдың үлкен бiр кемiстiгi – соғыс жүрiп жатқанда да құдайға құлшылық етiп, бес уақыт намазын жiбермейтiн дiндарлығы» деп кiнәлайды Бұхара мен Бағдатта мұсылманша оқыған ғұлама.

Сонымен, Қазыбек бек Тауасарұлынан басқа қазақтың ханы да, биi мен батыры да түгел надан, сауатсыз болып көрiнедi. Ал тарихи шындық осылай ма? Ақиқатқа жүгiнсек, Қаз дауысты Қазыбек те, Қабанбай мен Бөгенбай да Римге, не Стамбулға барып оқымағанымен, өзiндiк хат сауаты болған кiсiлер. Олар хатшыдан да кенделiк көрмеген. Медресе бiтiрген талай башқұрт, ноғай, бұхарлық, хиуалықтар қазақ даласына сiңiп, солардың панасында жүрген… Ал Бұхара маңында туып-өскен Бұқар жырау жасында медресе бiтiрген, көзi ашық, аса сауатты адам болғаны мәлiм. Егер ол жұрт алдында суырып салып жыр төксе, хат бiлмегендiгiнен емес, ол да тыңдаушы көптiң қажетiнен туған. Тiптi, әрi-берiден соң, Ұлы жырауды ұрпаққа жеткiзудi «мiндетiне алған» ғұлама әлдеқашан ұмыт болып, тарихта Бұқар жыраудың қалғанын немен түсiндiруге болады?

Автордың хан кеңесi туралы түсiнiгi де қызық. Тiрi куә-
нiң сөзi дейтiн емес, шындыққа маңайламайтын ойжота бiрдеңелер. Тым құрыса, қазiргi тiлмен айтқанда, екi палатадан тұратын хан кеңесi мен билер кеңесiн ажыратпайды-ау! Кiтапта Абылайдың 1752-жылы Қарақаралыда шақырған хан кеңесi туралы сөз болады. Бiрақ, бiр қызығы, Ұлы аттаныс алдындағы жауынгерлiк кеңестi де жасы   тоқсаннан асқан билер басқарады: «Әр елден келген билермен, рубасылармен Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әбiлмансұр үшеуi отырып сөйлестi (төртiншiсi – әрине, Тауасарұлының өзi). Сөз болып жатқан үйдiң маңында Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбайлар алысқа ұзап кетпей, шақырған кезде дайын болып отырды. Абылай көбiнесе құптаушы… Бұқар аға келiп, билердiң жанына кiре алмай жүрдi» (336-бет). Бұл – тiрi куәнiң сөзi емес, әрине. Бiрақ тарихи еңбек жазған адам, аз да болса, дала демократиясын, тарихи тұлғалардың қоғамдағы орнын бiлуi керек қой. Сол бiр жаугершiлiк заманда тiзгiндi Абылай ұстап, төрiнде Бұқар жырау отырмаған, Қабанбай мен Бөгенбай жұртты аузына қараптаған хан кеңесi болушы ма едi?!

Соңғы кезде тарихтағы қазақ хандарының еңбегiн жоққа шығарып, не кемiтiп көрсетiп, бар сый-сыбағаны тек билердiң алдына үйiп-төгетiн бiр жаңсақ ұғым пайда болды. Әрине, қазақ қауымында билер атқарған қызмет аз емес. Алайда ел тiзгiнi, мемлекет билiгi хан қолында бол-
ғанын естен шығару әбестiк. Ол заманда хандардың тек Шыңғыс нәсiлiнен сайлануы – қара қазақтың туысы кемдi-
гiнен емес, ол рулар арасында тепе-теңдiк сақтаудың, тақ үшiн таласпаудың кепiлi сияқты болды. Бұдан қазақ халқы ұтылған жоқ. Ал билерге келетiн болсақ, ол кезде қазақ даласында дана билер аз болмаған. Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердiң мойны озып, дара шығуы, бiр жағы ақылы асқаннан болса, екiншi жағынан бағы жанып, Әз-Тәукедей кемеңгердiң оң назарына iлiнгенiнен деп түсуiнiмiз керек. Осынау қазақ жерiнiң бүтiндiгi, ел болып құралуы жолында түгелге жуық қан майданда басын берген қазақ хандарының еңбегiн тәрк ету – бүкiл тарихымызды жоққа шығарумен бiрдей. Сөз болып отырған мына кiтап та хан-сұлтандарды «езушi, ақсүйек, үстем тап» деп түсiнетiн кеңестiк идеялардың ықпалында жазылыпты: «Менiң хандарды, хан тұқымдарын жексұрын көретiнiм: олар жәдiгөй, адам өлiмi оларға шегiртке өлiмi сияқты. Табиғаты түрпi, доңыз етiн жеген елден одан артық ғақыл күткен де емеспiн… Төле би мен Қазыбек те осы қылығына бола хан тұқымдарын ұнатпады. Сондықтан, Абылайды да, Жолбарысты да ол екеуi қолдан жасаған және оларға өктемдiгiн жүргiзген» дейдi автор шежiресiн бастамай жатып (27-бет).

«Хандарды қолдан жасағаны қалай?» деп басында түсiн-
бей қаласыз. Сөйтсек, мәселе былай болыпты. Оны Төле би мен Қаз дауысты Қазыбектiң Тауасарұлына айтқан мына бiр әңгiмесiнен ұғамыз: «Адас, мына Төкең екеумiздiң өлсек сүйегiмiзбен кететiн, тiрi жүрсек тiсiмiзден шығармаймыз деген сырымыз едi, – деп, оған екi би алма-кезек сыр шертедi. – Мына Төле ағаң екеумiз бiр үлкен қылмыс жасадық. Қылмыс болғанда, кешiрiлмес күнә. Бiрақ, бiз оны өзiмiз үшiн iстегенiмiз жоқ, елiмiз үшiн, қара қазан, сары баланың қамы үшiн iстедiк» (296-бет).

Айтыстарына қарағанда, қазақтың екi биi төре тұқымына қандары қас болғандықтан, қайтсек қарадан хан шығарамыз деп өмiр бойы күресiп келiптi. Бiрақ қазақ салтында қарадан хан сайланбайды. Қолымыз жеттi деген сол билердiң өзi де хан тағына отыра алмасы анық. Сондықтан не iстеу керек? Ақыры екi би өздерiн төрге отырғызып, оң тiзесiнен орын берген Әз-Тәукенiң көзiн бояп, қазақ даласында бұрын-соңды болмаған сұмдыққа барады: «ойласаң не таппайсың, Төкең екеумiз мұның да шешiмiн таптық, – дейдi Қаз дауысты Қазыбек. – Екi жерде екi төре баласыз болды. Алдымен Абдолла төренiң баласы болмады. Соған лайықты бала iздестiрдiк. Мен оны таптым. Арғын Қуандық iшiнде Қарымсақ дегеннiң әйелi бiр ұл туды да, босана сала дүниеден қайтты… Сөйтiп, жетiмектi бiр түнде ұрлатып алдым да, Абдоллаға жеткiздiм. Туғанына үш-төрт-ақ күн болған Жолбарысты емiзген Абдолланың әйелiнен сүт шығып, артынан Әбiлқайырды тапты. Жолбарыс ержете бастағанда, өз уәдемiз бойынша,Төкеңе тапсырдым… Ақыры оны Ұлы жүзге сiңiрдiк те, одан Төкеңнiң қолдауымен хан болды» (298-бет).

Сөйтiп, екi би бүкiл қазақ халқын алдап, қарадан туған Жолбарысты қолдан хан жасайды. Бәрi оп-оңай, үйректiң жұмыртқасын тауыққа бастырып шығартқандай бiрдеңе… Апыр-ай, құлдан туған сол баланың болашақта ақылды, мейiрiмдi, әрi ержүрек батыр боп шығарын олар қалай бiлдi екен?! Бiрақ дәнiгiп алған билер бұл кәсiптi бұдан кейiн де тоқтатпайды. Арада жиырма жылдай уақыт өткенде, тағы да «бала ұрлығына» кiрiседi. Бұл жолғы кезек – Төле бидiкi. Төкеңнiң де көктен тiлегенi жерден табыла кетедi. Қалмаққа тұтқынға түскен жетiм балаларды қайтарып әкелгенде, арасында Аршын атты он бiр жасар қыз болады. Жетiм балаларды әркiм үйдi-үйiне таратып алғанда, Жаңағы Аршын атты қыз Төле бидiң жамағайыны, Жаныс Қарабайдың үлесiне тиедi. Бiрер жылдан соң жаңағы Қарабай үйiндегi қолбала күң ұл туады да, Төле би шиеттей нәрестенi анасынан ұрлап алып, Уәли сұлтанға табыс етедi. Төленiң түйесiн бағып жүрiп, кейiн Абылайға айналған Әбiлмансұр осы екен. Тек, Төле бидiң болашақта хан болайын деп тұрған жiгiтке неге түйе бақтырып қойғаны түсiнiксiз.

Мұрагерлер осыншама қисынсыз сорақылықты Төле бидiң аузына салуға батпай, Қаз дауысты Қазыбекке айтқызады. «Екi кемеңгердiң тым арыдан ойлайтынына таң қалдым» дейдi Тауасарұлы. Кейiн ол екi бидiң тапсырмасымен «Жетiм Жолбарыс» және «Қарадан шыққан хан Абылай» атты кiтаптар жазады (Өзiнен басқа хат танитын кiсi жоқ, кiтапты кiмге арнап жазғаны белгiсiз). Абылайдың Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек алдында дәрменсiз қуыршаққа айналатыны, Тауасарұлын көрген сайын «кiта-
быңды мен өлгенше таратпа» деп жалынатыны содан екен.

Сонда не боп шықты дейсiз ғой? Мына кiтап бойынша, Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек – бiз табынып жүргендей, қара қылды қақ жарып, әдiлдiгiмен үш жүзге үлгi болған аса бiр қасиеттi кiсiлер емес, ата салтын аяққа басқан, Әз-Тәукедей ханға опасыздық жасап, ханды да, халықты да тақырға отырғызып кеткен, көз бояушы, алаяқ бiреулер. Ал Абылай болса – түбiнiң шикiлiгiн бiле тұра, «хан нәсiлiмiн» деп дүйiм жұртты алдаған, тақ жолында ештеңеден тайынбайтын, ар-ұяттан жұрдай, жанкештiнiң өзi. Сонда хандарымыз қуыршақ, билерiмiз алдамшы, батырларымыз надан болып шыққанда, қазақ тарихында медеу тұтар кiм қалды өзi? Шүкiр, бiреу де болса бар екен. Ол – Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Бұл жағынан кiтапты шығарушылар ойлаған мақсаттарына жеттi деуге болады.

«Түп-тұқиянды» оқып отырғанда, жер жүзiндегi қарайған халықтың бәрi Ұлы жүзден, одан қала берсе Шапыраштыдан шыққандай әсер аласың. Мәселен, бiздiң заманымыздан көп бұрын Орта Азияны қоныстанып, кейiн парсылардың құрамына кiрген Бактрия жұрты Шапыраштының ұраны болған Бақтияр бабаның ұрпақтары екен. Бұл туралы: «Бақтияр балаларының бес жүз мыңы Иранға сiңiп кеткенi анау. Қаңлылардың Бижнек теңiзiнен өтiп, Осман түрiктерi атанып жүргенi мынау!» деп автордың қатты күйiнетiнi бар (87-бет). Ал Шапыраштының: Ыстық, Қыстық, Абақ, Саяқ деген төрт баласы болған екен. Солардың Абағы мен Саяғы жаугершiлiкте жоғалып кетiптi. Абақ Алтай жаққа барып, Абақ Керей деген елге айналған. Демек, қазiр Шыңжаңда жасайтын жарты миллиондай Абақ Керейлер түгелiмен Шапырашты деген сөз. Олар да мына кiтаптан өздерiнiң ата-тегiн бiлiп, «қуанып» қалатын шығар… Ал Саяқ қайда дейсiз ғой? Саяқ Енесейдегi қырғызға барып сiңген екен, бұл күнде ақ қалпақты қырғыздың төрттен бiрi сол Саяқ әулетi көрiнедi. Айтпақшы, қырғыздың Енесейден Алатауға көшiп келуiне сол Саяқ себепшi болыпты. Қырғыздар көшiп келгенде, Шапыраштылар өз бабасы Ыстықтың атына қойылған Ыстықкөлдi соларға әдейi босатып берiптi (неткен бауырмалдық десеңiзшi). Ал, Қыстықтың әулетi қазiр Албанның құрамында жүрсе керек.

Албан демекшi, албанның ұранына айналған Райымбек батыр да Шапырашты боп шықты. Өйткенi, Райымбектiң арғы аталары Алжанды Шапыраштылардан асырап алыпты. Олай болмағанда, албандар мүлде батырсыз қалғандай екен. Автордың айтуынша, Шапыраштыдай жау-
жүрек, батыр елден бала бағып алуды әркiм-ақ ырым еткен көрiнедi. Мәселен, арғындар Шапыраштының Айқым деген бес жасар баласын ұрлап әкетiп (қайтсын байғұстар, батырдың айы әбден өткен ғой), қуып барған иелерi арқасындағы қалынан танығанда, зорға қайтарады (105-бет).

Тұтас елдер өз алдына, жекелеген тарихи тұлғалардың да түп атасының кiм екенiн осы кiтапты оқығанда бiлесiз. Бұрын Керей саналып жүрген Толыбай сыншының баласы, атақты «Елiм-ай» дастанын шығарған Қожаберген жырау – Шапыраштының Бесшам тармағынан… Исi Найман төбесiне көтерiп, пiр тұтатын әйгiлi Ақтамбердi жырау Ошақты екен. Дәлел қайда дейсiз бе? Бұл кiтапта дәлел деген болмайды. Автор не айтса да илануың керек.

Қазақты қойшы, өз арамызда ауыс-күйiс бола бередi ғой. Ол түгiл, ойрат-монғолдағы iске татыр ұлылардың бәрi Ұлы жүз боп шықты. Мәселен, Шыңғысхан – Жалайыр (95-бет). Ал, оның үлкен ұлы Жошы – Шапырашты. Есте-
рiңiзде бар ма, Бөрте бәйбiше Меркiттен жүктi боп қайтпайтын ба едi? Жошы – сонда iште келген бала. Меркiт – Абақ Керейдiң бiр атасы болса, Жошы хан – Шапырашты болмай кiм болады? Сенбесеңiз оқыңыз: кiтаптың 86-бе-
тiнде автор Жошыға әкесi Шыңғысханға қаратып, мынадай тақпақ айтқызады:

Сенiң түбiң – Жалайыр,

Менiң түбiм – Абақ-ты.

Екеуi де бiр туған,

Берсей жылы қабақты…

Әкелi-балалы Шыңғысхан мен Жошы авторға iлгерiден барып қосылса, ойраттың ақырғы ханы Әмiрсана тiптi жақын, Тауасарұлымен немерелес көрiнедi. Өйткенi, Әмiрсана – Тауасар бидiң iнiсi Төлекейдiң баласы екен. Сенбейсiз бе? Кiтапта ол туралы мынадай дерек келтiрiлген. Не үшiн екен, 1710-жылы бұлардың ауылы шығыс Түркiстандағы Тұрпан деген жердi қоныстайды. Бiр күнi сол ауылға керуен келiп тоқтайды. Сөйтсе, бұл қонтайжы Сыбан Рабданға қытайдан әйел әкеле жатқан көш екен. Соққан боран басылмай, әлгi көш сол жерде ұзақ аялдап қалады. «Сөйтiп, Сыбан Рабданның қалыңдығы қыстай бiздiң ауылда қалды, – дейдi автор шiмiрiкпестен. – Әкем Тауасардың кенже iнiсi, менен екi-ақ жас үлкен Төлекей Қытай ханшасымен көңiл қосады да, құрсақтандырып қояды. Сыбан Рабданға iшi бiлiнiп барған. Босанғанда баланың атын Әмiрсана қойыпты» (115-бет).

Басқа Шапырашты да жетедi ғой, автор осы Әмiрсанаға бекер-ақ соқтыққан. Өйткенi орыс, қытай, монғол тарихшылары бұл адамның өмiрбаянын түгел зерттеп болған. Бiрiншiден, автор ойлағандай, Әмiрсана – Сыбан Рабданның баласы емес, қызынан туған жиенi. Қонтайжы өз қызы Ботанақ ханшаны алдымен Тибет ханзадасы Данжұнға  ұзатқан. Бiрақ, көп ұзамай, Тибет ханы Лаңзан қонтайжыға берген уәдесiн бұзып, Қытайға аунаған кезде Сыбан Рабдан өз қолында аманатта жүрген күйеу баласын қызған қазанға салып, қинап өлтiредi. Ал Ботанақ ханшаны бiр баласымен осының алдында ғана Едiл бойынан оралған қойт тәйжiсi – Бәншан Уйзерге қосады. Арада үш-төрт жыл өткенде, яғни 1722-жылы Әмiрсана келедi дүниеге… Зерттеулердiң сарабынан өткен басы ашық нәрсе осы.

Әрине, өз руын, ата-бабасын жек көретiн, сыйламайтын адам жоқ шығар. Бiрақ ол өз руыңды басқалардан жоғары қой деген сөз емес. Сыпайылық, әдеп деген болады. Ал «Түп-тұқиянды» шығарушылардың өз руы дегенде өзгенi ұмытып кететiнi, кейде «ұлылық дертiне» дейiн барып қалатыны өкiнiштi-ақ. Кiтапта Ұлы жүздiң бiр атасы Дулат деген кiсi өлерiнiң алдында төрт баласын шақырып алып, мынадай өсиет айтады: «Сендер төртеуiң де бай боласыңдар. Мына қатпар-қатпар Алатаудың қойны қалай шалқимын, қалай өрiстеймiн десең де жетедi. Бiрақ байлықты ұстап тұру үшiн көт керек (кешiрiңiз, бiз кiтаптағы сөздi дәл берiп отырмыз). Ол көт сендерде болмайды. Ал, мына Шапыраштының тұқымы батыр болады… Өздерiңде болмайтын көттi солардан табасың» (73-бет). «Түп-тұқиянда» әдепке жатпайтын осындай тәйтiк сөздер аз емес.

Кiтаптың «Ата шежiре» аталатын алғашқы бөлiмiн түгел талдап жатуды қажет деп таппадық. Кiтаптағы ежелгi Үйсiн мемлекетi туралы, Үйсiн ханзадасына қытай ханшаларының қалай ұзатылғаны жайындағы деректер Бангудiң «Ханнамасынан» алынған. Ал сарай шежiресi саналатын бұл еңбектiң зерттеушiлер қолына тек 19-ғасырда тигенi мәлiм. Тiптi, қолға түскен күннiң өзiнде, Тауасарұлы көне Қытай тiлiнде жазылған ол тарихты оқи алмас едi. «Ханнаманың» бiр тарауы – «Батыс өңiр және Үйсiн мемлекетi» деген кiтап Шыңжаңда қазақ тiлiне аударылып, 1987-жылы ғана жарық көрдi. Бұл кiтапты Тауасарұлы көрмегенiмен, оның «мұрагерлерi» сөз жоқ, оқыды. «Түп-тұқияндағы» кейбiр деректер мен тұтас текстiң жаңағы аудармамен сөзбе-сөз дәл келетiнi соның айғағы.

Автордың пайымдауы бойынша, бiздiң жыл санауымыздан бiраз бұрын Үйсiн тағына Майқы деген кiсi отырады (бұл бергi Шыңғысхан тұсындағы Майқы би емес, одан бiр мың екi жүз жылдай ары). Ол әрi хан, әрi би, әрi ақын болған көрiнедi. «Майқы хан боп тұрғанда, Қытай мемлекетiнiң зәресiн алған… Сол кезде жаңа бас көтере бастаған жоңғар қалмақтарын қатты iш жиғызған» дейдi автор (48-бет). Ғайса тумас бұрын қайдағы жоңғар қалмақтары, көкетай-ау?! Оны аз десеңiз, мына кiтапқа есте жоқ ескi замандағы сол Майқының бiраз өлеңдерiн енгiзiптi. Бiздiң дәуiрге қалай жеттi екен деп таңғаласың. Мынасы рас болса, қазақ әдебиетiнiң тарихы Гомермен жағаласып, арғы Антика дәуiрiнен бiр-ақ шықпақ. Бiрақ, керегi не, тағы сол бос мақтан, дәлелсiз көпiрме сөздер. Майқынiкi деген өлең жолдары 19-ғасырдағы Мұрат пен Шортанбай жырларынан еш парықтанбайды.

Митыңдаған есектен

Күзелген бөдiс тай артық…

Ұйғыр деген ел болар,

Пұлың болса бел болар…

Болғанда ақырзаман су тартылар,

Қарап тұрған жiгiтке қыз артылар…

Беу, Ғайса тумай, заман әлi басталмай жатып, қайдағы ақырзаман айтып отырғаны? Сондай-ақ:

Жансыз арба ат болар,

Өз балаң өзiңе жат болар…

Адам баласы ауырып дақ шатылар,

Базарында сұйылып сүт сатылар, –

деген жолдарды да бұдан екi мың жыл бұрын туды дегенге илану қиын-ақ. Ал, Майқының бiздiң заманымызды алдын-ала болжаған сәуегейлiгiн оқығанда, ерiксiз күлесiң. «Көзi қысық, тiсi қисық түстiктегi жаудан, көзi шегiр, өзi жемiр батыстағы жаудан үрiм-бұтақ, зәу-затым көп қорлық көрiп, азап шегедi екен. Тiлiн де құртады екен» (54-бет.) деп бiр ескертсе, тағы бiр отырыста орыстардың қай жүздi қанша жыл билейтiнiн нақты айтып бередi. «Мен өлген соң мың жетi жүз жыл кейiн елiмiздi жүн бас, шегiр сарылар басқарады… Басқыншылар Бек тұқымын (Кiшi жүздi) үш жүз жыл, Жан тұқымын (Орта жүздi) екi жүз жыл, Ақ тұқымын (Ұлы жүздi) жүз жылдан аса билейдi. Билеушiлер осыдан екi мың жыл өткенде iрiп-шiри бастайды» (58-бет).

Сiзге осыдан артық қандай көрегендiк керек? Тек «КСРО» деген ел мен Горбачевты ғана атамаған. Басқасының бәрi дәл келiп тұр.

Ал осы бөлiмдегi Қарасай батырдың ерлiктерi, оның Ағынтай деген жолдасы екеуi ғана барып, Жәңгiр ханды тұтқыннан босатып алатыны, Батыр қонтайжының өзiн талдырып тастап, әйелiн қоса көтерiп кететiнi – жатқан бiр ертегi. Қарасай бабамыздың ержүрек батыр болғанына талас жоқ. Бiрақ, амал не, асыра айтылған өлшеусiз мақтау-мадақ тәп-тәуiр нәрсенiң өзiн қор етедi.

Кiтаптағы «Ақбоз аттар мен ақбас атан хикаясы» аталатын соңғы тарау түгелiмен Абылай, Қабанбай, Бөгенбай үшеуiн әдейi масқаралауға арналған. Соңғы қазақ-қытай соғысында Шапырашты Наурызбай қытайдың бiр үйiр жылқысын олжаға түсiредi де, соның iшiнде келген бес боз арғымақты Абылайға сыйға тартады. Осы аттарды Абылай, Қабанбай, Бөгенбай үшеуi бөлiсе алмай, қатты-қатты сөзге келiп, араздаса жаздайды. Әйтеуiр, араға Бұқар жырау түсiп, бұларды зорға басады. Мұндай жойдаусыз өтiрiк неге қажет болды десек, ар жағында тағы бiр мақсат бар екен. Бұқар жыраудың аузымен Абылайды және бiр мәрте жерлеу, оның құлдан туғанын түбегейлi бекiте түсу. Тауасарұлы жазып алыпты-мыс делiнетiн, қолдан бұрмаланып, көбейтiлген Бұқар жыры кiтапқа әдейi енгiзiлген. Жақында, Бұқар жыраудың мүшелтойы кезiнде «Жас Алаш» газетi сол «жырды» түгелiмен бiрiншi бетке жариялады (17-тамыз, 1993 ж).

Ал Қабанбайды малжанды, дүниеқоңыз, ұсақ адам етiп көрсету үшiн, «Ер Қабанбай» жырындағы бiр сюжеттi пайдаланған. Әсiлi, бұл дастанды Қабанбайдан жүз елу жылдай кейiн өмiр сүрген батырдың өз ұрпағы Қали ақын шығарды деген сөз бар. Жырдың идеясы – бiрлiк, ағайын арасының татулығы. Қырғыздан олжаға түскен ақбас атан-
ға бола өкпелеп кеткен Дәулетбайдың Қабанбай дүниеден өтерде қайта оралуы да сол түпкi мұраттан туған. «Түп-тұқиянның» авторы Қабанбайды мұқату үшiн, жүз жылдан кейiн шыққан жыр желiсiн 18-ғасырдағы Тауасарұлының аузына тықпалайды. «Қабанбай мен Дәулетбай ақ атанға таласты. Ағайындардың мұнысы «алтын көрсе перiште жолдан таяды» дегенге саяды… Өйткенi екеуi бұл кезде демiне нан пiсiп, көкiрегi кеуiп кеткен болатын» дейдi (385-бет). Сөйтiп, бұл кiтапта қазақтың ұлы ханы да, ұлы қолбасылары да әлдебiр ат үшiн, атан үшiн ағайыннан безетiн, шетiнен дүниеқоңыз, қарау пенделер болып шыққан.

Әрине, бұл үшiн әлдеқашан сүйегi қурап қалған өлi аруақты жазғырудан аулақпыз. Сол аруақтарды күңiрентiп, тарихқа топырақ шашып жүрген – бүгiнгi мұрагерлер. Кiтаптың алғысөзiнде бұл шежiренiң төрт рет көшiрiлгенi айтылады. Айтыстарына қарағанда, кiтап баспаға 1944-жылғы Халметов көшiрмесi бойынша дайындалған көрiне-
дi. Бiрақ кiтапты шығарушылардан басқа ол түпнұсқаны көрген де, ғылыми экспертизадан өткiзiп, анықтаған да ешкiм жоқ. Ғасырда бiр болатын мұндай «жаңалықтан» академияның тарих институты да сырт қалған. Осындай түбi шикi, даулы дүниенiң шыққалы жатқанын бiле тұра, үкiмет тарапынан да тоқтау салар бiр пенде табылмаған.

Сонымен, не болды дейсiз ғой? Нәтижеде, осы бәрi-
мiздiң көз алдымызда тарихта бұрын-соңды болмаған сорақылыққа жол берiлiп отыр. Әдетте әлдекiм басқа бiреудiң еңбегiне «жиендiк» жасап, иемденiп кетсе, оны әдеби ұрлық дейтiнбiз. Ал мынаны не деу керек? Әрине, бұл да – ұрлықтың бiр түрi. Өзiңнiң өтпей жүрген идеяларыңды бұдан екi ғасыр бұрын жасаған бiреуге телiп, қолдан «көне мұраға», тарихи құжатқа айналдырсаң, оның күнәсi тiптi ауыр. Жай күнә емес, қылмыс, тарихқа жасалған қиянат. Дүниедегi барша жалған нәрселер секiлдi, бұл кiтап та қоғамға тек кесiрiн тигiзедi. Өз тарихын ендi-ендi танып, ұлт болып ұйып келе жатқан халқымызды осындай дүниелер қайта ыдыратып, рушылдық отына май құя ма деген қауiп бар. Өйткенi, қазiрдiң өзiнде «Түп-тұқиянды» ақиқаттың қайнар көзiне балап, тарихи құжат, оқулық ретiнде сiлтеме жасап, талғаусыз табынып жүргендер аз емес.

Бәрiнен де осындай зиянды, жалған дүниенiң мынадай таршылық кезеңде 300 мың дана боп басылғанын ойлағанда, iшiң удай ашиды. Есептеп көрсек, осы кiтапқа кеткен қағаз бен қаржыға, он мың данамен шыққанның өзiнде, қазақ жазушыларының таңдаулы отыз романын басып шығаруға болады екен. Амал не «Жалын» баспасында отырғандар ол жағын ойламаған. Қолдарынан келiп тұрғанда, қазақ тарихына түбегейлi төңкерiс жасап, айды аспанға бiр шығарғысы келген. Бiрақ, олардың қателiгiнiң өзi осында. Өйткенi, тарих сабадағы iркiт емес – үстiне не құйсаң да, божып тұра беретiн. Тарих – өзiн-өзi тазартып тұратын телегей теңiз секiлдi, ол өз табиғатына жат дүниелердi әсте қабылдамайды. Өзенмен ағып келген жапырақ-жаңқаны, кiр-қоқысты толқынмен шайып, жағалауға шығарып тастайды.

 

 «Қазақ әдебиеті», 5-қараша 1993 ж.

«Қалың елім қазағым», Алматы: «Қазақстан», 2000 ж.

12-томдық таңдамалы шығармалар, Алматы: «Қазығұрт», 2005 ж.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстандықтар тағы бір құжатты онлайн ала алады

shyn_ar_admin

Amanat депутаты 140 тендерді иеленген фирманың құрылтайшысы болып шықты

Сенатта Қорғаныс вице-министрі қазақ тіліндегі сұрақтарға нақты жауап бере алмады

Пікір жазу