Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік және микроқаржылық ұйымдардың қызметіне қатысты бақылауды күшейтуді көздейтін жаңа қаулы жобасын әзірледі. Құжат қазіргі таңда Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланып, қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Несиелеу тәртібі өзгереді
Жаңа ережелерге сәйкес, интернет арқылы рәсімделетін кепілсіз тұтынушылық несиенің сомасы 150 айлық есептік көрсеткіштен (яғни 690 мың теңгеден) асқан жағдайда, қарыз қаражаты келісімшартқа қол қойылғаннан кейін бірден аударылмайды. Бұл қаражат тек қарыз алушы өз келісімін қосымша растаса ғана (мысалы, eGov порталы арқылы) беріледі.
“Суыту” механизмі енгізіледі
Құжатта «суыту» немесе кідіріс кезеңі қарастырылған. Егер азамат бір тәулік ішінде бірнеше микрокредит рәсімдеп, олардың жиынтық сомасы 150 АЕК-тен асып кетсе, банк немесе микроқаржы ұйымы қосымша несие беруді уақытша тоқтатуы тиіс.
Белгілі бір санаттарға – күшейтілген талап
Ірі көлемде несие алуға ниетті тұлғалар, сондай-ақ 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан азаматтар жаңа талаптарға сәйкес тек банктің немесе микроқаржылық ұйымның бөлімшесіне жеке келіп, жазбаша келісім беру арқылы ғана несие рәсімдей алады.
Омбудсмен болғысы келетіндерге – тілдік талап
Жоба аясында банктік немесе микроқаржылық омбудсмен лауазымына үміткерлерге қатысты да нақты талаптар енгізілген. Атап айтқанда, бұл лауазымға үміткер азаматтар ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қазақ тілін B2 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгергенін растайтын құжат ұсынуы тиіс.