«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратДенсаулық

МӘМС-ке төлеген ақшаны шешіп алуға бола ма?

Бұл мәселе – ай сайын еңбекақысынан жарна төлеп жүрген көптеген азаматты толғандыратын сұрақтардың бірі. Көпшіліктің көкейінде: «Мен бұл жүйені пайдаланбасам, неге ақшамды қайтарып ала алмаймын?» деген күмән бар. Осы сауалға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Айдын Құлсейітов жауап беріп, жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі ынтымақтастық қағидаты бойынша жұмыс істейді.

– МӘМС-ке тұрақты жарна төлейтін азамат тек заң талабын орындап қана қоймайды. Ол өзі пайдаланбаса да, медициналық көмекке мұқтаж басқа бір адамға қолдау көрсетіп отыр. Жүйенің басты мақсаты да осы – ортақ жарна, ортақ сенім және барлығына бірдей қолжетімді медициналық көмек, – деді Айдын Құлсейітов.

Сонымен қатар ол азаматтардың өз құқықтарын білуінің маңыздылығын атап өтті.

– МӘМС-ке тұрақты түрде жарна төлейтін азаматтар заң алдындағы міндетін орындап отыр. Сондықтан сақтандырылған адамдар өз құқықтарын біліп, ақылы қызметке жүгінбеуі тиіс. Бұл жүйенің басты қағидаты – ортақ жауапкершілік пен өзара қолдау. Егер сақтандырылған адам медициналық көмекке жүгінбесе, оның төлеген жарнасы мұқтаж жандарды емдеуге жұмсалады. Бұл қазақтың «асар» дәстүріне ұқсас: әркім өз мүмкіндігіне қарай үлес қосады, ал көмек барлығына бірдей көрсетіледі, – деді ол.

Кей азаматтар МӘМС жарналары Қордың өз шотына түсіп, ол қаражатты қалауы бойынша пайдаланады деп ойлайды. Алайда бұл – қате түсінік.

– Қазақстандағы міндетті сақтандыру моделі бойынша МӘМС қаражаты Ұлттық банктегі арнайы бірыңғай шотқа жиналады. Сол жерден қаржы азаматтың мәртебесіне немесе төлеген сомасына қарамай, көрсетілген медициналық қызмет үшін ғана бөлінеді, – деп түсіндірді Қор басшысы.

Айдын Құлсейітов жүйенің тиімділігін мысал арқылы да түсіндірді.

– Жеке төлеушілер ай сайын 4 250 теңге, яғни жылына шамамен 51 мың теңге аударады. Егер бұл қаражат әркімнің жеке жинағына жиналатын болса, онымен қымбат зерттеу немесе күрделі операция жасау мүмкін болмас еді. Мысалы, тізе буынын ауыстыру операциясынан кейін оңалту курсынан өту қажет. Мұндай қызметтердің жалпы құны шамамен 4 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал сақтандырылған азамат бұл қызметтердің барлығын МӘМС есебінен тегін ала алады, – деді Айдын Құлсейітов.

Ұқсас жаңалықтар

«Атамұра» – Үздік баспа

Redaktor Shyn-Ar

Алматыда 11 жыл бұрынғы қылмыс ашылды: туған қызы өз анасын өлтірген

«Ерте ме, кеш пе – ажалы келген адам өледі»: Шыңғыс Белғожаев сотта кінәсіз жандардың сотталып жатқанын айтты

Redaktor Shyn-Ar