Әлеуметтік желіде Алматы тұрғынының Қазақстан туралы және Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қатысты қорлай сөйлеген жазбасы қоғамда үлкен наразылық туғызды. Оқиғадан кейін оның жұмыстан шығарылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Shyn-ar.kz New Times.kz-ке сілтеме жасап.
Threads желісінде Виолетта Паршина есімді қолданушы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар туралы жазбаның астына “ақымақ”, “ауылдан келгендер” деген пікір қалдырған. Сонымен қатар тағы бір жазбада Қазақстанды “жексұрын мемлекет” деп атаған.
Желі қолданушылары бұл пікірлерге жаппай қарсылық білдіріп, мемлекеттік органдарға шағым түсіре бастаған. Олар әйелді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша жауапкершілікке тартуды талап етуде. Бұл бап әлеуметтік және ұлттық араздықты қоздыруға қатысты жауапкершілікті қарастырады.
Кейін әйелдің Алматыдағы жарнама агенттіктерінің бірінде жұмыс істейтіні анықталған. Оқиғадан соң желі қолданушылары компанияға да теріс пікір қалдырып, 2GIS сервисіндегі ұйым рейтингі қысқа уақыт ішінде төмендеп кеткен.
Компания өкілдері даулы жағдайдан кейін Виолетта Паршинаның жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді. Олар оның қазіргі уақытта ұйымға қатысы жоқ екенін хабарлады. Бұған дейін ол директор қызметін атқарған.
Ал Алматы қалалық полиция департаменті бұл жағдайға қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
