Алматыдағы “Мерей” сауда үйінде орналасқан Adidas дүкенінде мемлекеттік тілге қатысты дау шықты. Қазақ тілінде қызмет сұраған қазақстандық азамат дүкен қызметкерлерінің тек орысша сөйлегеніне наразылық білдіріп, бұл жағдайды Threads әлеуметтік желісінде жариялады.

Оның айтуынша, кассада тұрған кезде ол қазақша қызмет көрсетуді сұрап, орыс тілін түсінбейтінін ескерткен. Алайда қызметкерлер оған “бізде екі тіл” деп жауап бергенімен, сөйлесуді бәрібір орысша жалғастырған.
“Қазақстанда тұрып, қазақша қызмет ала алмау — жай ғана қолайсыздық емес, бұл клиентке деген құрметсіздік. Заң бойынша тұтынушыға ақпарат мемлекеттік тілде берілуі тиіс. Бірақ бұл талаптың орындалмай отырғаны өкінішті”, – деді ол.
Желі қолданушысы егер мұндай жағдай қайталанса, тиісті мемлекеттік органдарға шағымдануға дайын екенін де айтты.
Дүкен директоры не деді?
Оқиға қоғамда қызу талқыланғаннан кейін “Мерей” сауда орталығындағы Adidas дүкенінің директоры Рүстем Сағынаев пікір білдірді.
Оның сөзінше, компания үшін қызметкерлердің мемлекеттік тілде қызмет көрсете алуы маңызды.
“Өз тарапымыздан тексеріс жүргіземіз. Барлық қызметкердің қазақ тілінде қызмет көрсетуін қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарылады. Сізді adidas дүкендерінде қайта көргіміз келеді”, – деді ол.
“Екі тіл” деген тек сөз жүзінде ме?
Желі қолданушыларының басым бөлігі бұл жағдайды Қазақстандағы тіл мәселесінің әлі де шешілмегенінің көрінісі деп бағалады. Көпшілік “екі тіл” қағидасының іс жүзінде бір ғана тілмен шектелетінін айтып, сынға алды.
Пікірлердің бірінде:
“Екі тіл болса, клиент қай тілде сөйлесе, сол тілде жауап берілуі керек. Ал тек орысша сөйлеп тұрып, ‘екі тіл’ деу — алдау”, – делінген.
Тағы бір қолданушы:
“Қазақстанда қазақша қызмет сұрау әлі күнге дейін проблема болып отырғаны ұят”, – деп жазды.
Ал кейбірі мұны мемлекеттік тілге қатысты ашық дискриминацияға теңеді.
Желіде Adidas компаниясының өзіне ресми шағым жолданғаны да белгілі болды. Онда компаниядан ішкі тексеріс жүргізіп, қызметкерлердің қазақ тілінде қызмет көрсетуін қамтамасыз ету талап етілген.
