Ескерткіш 1999 жылы орнатылған болатын.
Алматыда орналасқан Қытай композиторы Си (Сянь) Синхайдың ескерткіші жаңғыртылады. Бұл туралы Алматыда Си Синхайдың өмірі мен Гуанчжоу қаласына орай ұйымдастырылған фотокөрме барысында белгілі болды.
Биыл Си Синхайдың дүниеге келгеніне 120 жыл. Ол 1940 жылы «Ян’ан және Сегізінше армия» фильмінің музыкасын жазу үшін Кеңес Одағына келіп, алайда Ұлы Отан соғысы басталған соң Қытайға қайта алмай қалған. Шыңжаң арқылы қайтпақ болған ол Алматыда тұрақтап қалады.
Мұнда ол қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен дос болып, «Ұлттың азат етілуі» және «Қасиетті соғыс» атты симфонияларын, «Аманкелді Иманов» симфониялық поэмасын, «Бүкіл өзен қызыл тартты» және жел мен ішекті аспаптарға арналған «Қытай рапсодиясы» атты сюиталарын жазды. Бірақ, ауыр науқасқа шалдығып, 1945 жылдың қазанында Мәскеу Кремлінің ауруханасында 40 жасында қайтыс болды.
1999 жылы Си Синхайдың құрметіне Алматыда ескерткіш орнатылды. Қалада Си Синхай мен Бақытжан Байқадамов көшелері бар, олар өзара қиылысады.
Алматыда Қытай композиторы Си Синхайдың ескерткіші жаңғыртылады
Ал Алматы әкімдігінің Туризм басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Әбихан Си Синхайдың ескерткіші екі даңқты композитордан бөлек, Алматы мен Гуанчжоу қалаларының, Қазақстан мен Қытайдың да достығының белгісі екенін сөз етті. Ол екі қаланың «Бір белдеу – бір жол» бастамасында түрлі салада әріптестік орнатуда үлкен әлеуетке ие екенін айтты.
Шараға композитор Бақытжан Байқадамовтың қызы Айгүл Байқадамова да қатысты.