Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «100 үздік кітап» тізімі қоғамда қызу пікірталас туғызды. Тізімге енген кейбір шығармаларға қатысты тарихшылар мен әдебиетшілердің сыны күшейіп отыр. Солардың ішінде ең көп дау тудырғаны – Қазыбек бек Тауасарұлына телінетін «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты туынды.
Тарихшы Арман Қабдешұлы бұл кітаптың тізімге енуін «ұлт тарихына жасалған зиян» деп бағалап, дабыл қақты. Оның айтуынша, бұл шығарма ғылыми сүзгіден өтпеген, мазмұны да, жазылу стилі де шынайы тарихи деректерге сәйкес келмейді.
– Бұл кітаптың жалған екені бірнеше рет дәлелденді. Тарихшылар да, жазушылар да мұны ашық айтты. Соған қарамастан, оны ұлттық қазына деп 100 үздік кітаптың қатарына енгізіп отыр. Бұл – масқара! Бұл – болашақ ұрпақты шатастыратын, қоғамға іріткі салатын әрекет, – деді тарихшы.
Оның айтуынша, аталған кітап алғаш рет 1992 жылы 300 мың данамен жарық көрген. Сол уақыттан бері оның мазмұны мен мақсатына қатысты түрлі күмән туып келеді. Жазушы Қабдеш Жұмаділов те бұл шығарма туралы «Бір шежіренің құпиясы» атты мақаласында өткір сын айтып, оны «қолдан жасалған туынды» деп атаған болатын.
– Бұл кітапта келтірілген тарихи оқиғалар дереккөздермен сәйкес келмейді. Тілдік қолданыс тым қазіргі, ал сипатталған әскери тактикалар қисынсыз. Бұл – таза әдеби қиял, әрі рушылдық мүдде тұрғысынан жазылған, – деген еді жазушы.
Аңырақай шайқасы туралы тұстағы жекпе-жектің он бір күнге созылып, күн сайын үш қалмақтың өлтірілуі секілді тұстар сыншылар тарапынан қисынсыз әрі ғылыми негізсіз деп танылған.
Дегенмен бұл пікірлерге қарсы көзқарастар да жоқ емес. Белгілі жазушы Ғафу Қайырбеков аталған кітапқа оң баға беріп, «осындай шығармалар әр жүзден бір-бірден шықса, тарихымыз түгенделер еді» деген пікір білдірген.
Бірақ Қабдеш Жұмаділов бұл тұжырыммен келіспейді:
– Егер әр жүз өз «батырын» осылай қолдан жасап шығара берсе, біз үшке бөлінген тарихпен ұлт ретінде жойыламыз, – дейді ол.
Арман Жұмаділов:
– Тарих – халық жадысы. Жалған тарих – ұлтқа жасалған рухани шабуыл. Мұндай шығарманы үздік кітаптар қатарына енгізу – шынайы батырлардың атын көмескілеу, – дейді.
Осы орайда тарихшылар «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабы расымен 18 ғасырда жазылған болса, неге оған қатысты толыққанды тарихи-сараптамалық зерттеу мен ғылыми дәлелдер әлі күнге дейін ұсынылмағанын алға тартады.
Жалпы бұл дау – жалғыз бір кітаптың тағдыры ғана емес, ұлт тарихын шынайы деректерге негіздеу мен әдебиеттегі тарихи шындықтың ара-жігін ажырату мәселесін көтеріп отыр. Бұл – тек әдеби немесе ғылыми ортадағы пікірталас емес, ұрпақ жады мен ұлттық сананың мәселесі.