«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратӘлеумет

Қазақ тіліндегі контенттің аздығы үшін телеарналарға айыппұл салынады

қазақтілді контент

Мәдениет министрлігі қазақ тілінде жеткілікті көлемде хабар таратпаған телеарналар мен радиостанцияларға әкімшілік жауапкершілік енгізуді ұсынды. Тиісті норма 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енбек. Оған сәйкес, апталық эфир уақытының кемінде 55%-ы қазақ тіліндегі контентке арналуы тиіс.

Бұған дейін бұл талап заң жүзінде болғанымен, оны бұзған теле-радиоарналарға ешқандай айыппұл салынбаған. Енді әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне түзетулер енгізілмек. Жоба қазір қоғам талқысында — азаматтар 10 шілдеге дейін ұсыныстарын білдіре алады.

Құжатта тілдік квотадан бөлек, жарнама көлемі бойынша да шектеулер бар. Қолданыстағы заңға сай, жарнама эфир уақытының тәулігіне 20%-ынан аспауы тиіс. Бұл талапты бұзған телеарналарға да әкімшілік жаза қолдану көзделіп отыр.

Сонымен қатар министрлік әлеуметтік желілер мен видеоплатформаларда құқыққа қайшы контент таратқандарға да айыппұл салу жүйесін енгізуді ұсынды. Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы отандық онлайн платформаларда 78,5 мыңнан астам заңға қайшы материал анықталған, бірақ оның тек 24,3%-ы ғана өшірілген.

Жобада шетелдік тәжірибе де ескерілген. Мәселен, Еуропалық одақ елдерінде, Ұлыбритания мен Оңтүстік Кореяда тілдік және жарнамалық талаптарды бұзғаны үшін ірі айыппұлдар салынып, тіпті платформаларды бұғаттау шаралары қарастырылады.

Қазақстан билігі де осы бағытта заңнаманы күшейту медиа саласының жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік тілді дамытуға серпін береді деп сенеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы қабылданған. Құжатта 2029 жылға қарай мемлекеттік телеарналардағы қазақтілді бағдарламалардың үлесін 85%-ға дейін жеткізу, ал халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейін 84%-ға арттыру көзделген.

Ұқсас жаңалықтар

Жаңа шетелдік әуекомпаниясы Алматыға рейс ашады

ДАРАБОЗ ТАРИХШЫ КЕҢЕС НҰРПЕЙІС — 90 ЖАСТА

Redaktor Shyn-Ar

Досаев Алматы әкімі қызметінен босатылды

Пікір жазу