27 жастан асқан, бұрын әскери қызмет өтемеген қазақстандықтарды қайта әскери даярлықтан өткізу туралы ұсыныс қоғамда қызу талқылана бастады. Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, запастағы полковник Ғани Артықов елдің жұмылдыру резервін күшейту үшін мұндай қадам қажет екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанның әскери әлеуетін арттыруды талап етеді.
Артықовтың сөзінше, азаматтарды бір жылдық әскери дайындық аясында оқытып, жұмылдыру резервін қалыптастыру маңызды. Сонымен қатар 40 күндік әскери-техникалық мектептерде атқыш, гранатаатқыш, пулеметші секілді мамандықтарға баулу, дрондарды басқаруды үйрету және қысқа мерзімді әскери жиындар өткізу ұсынылған. Осылайша, бұрын әскерге бармаған 27 жастан асқан, 50 жасқа дейінгі азаматтарды әскери даярлықтан өткізу мәселесі көтерілді.
Алайда бұл бастама қоғамда бірден түрлі пікір туғызды. Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі Қазақстанға жаппай әскери даярлық емес, кәсіби әрі заманауи армия қажет екенін алға тартты. Олардың пікірінше, қаржы мен күшті барлық азаматты қайта оқытуға емес, кәсіби сарбаздардың сапасын арттыруға бағыттау маңызды.
Тағы бір топ әскери бөлімдердегі әлімжеттік, сарбаздардың қауіпсіздігі мен әскери тәртіп мәселесін көтерді. Олар алдымен әскердегі жүйелік проблемаларды шешу керегін айтып, отбасылы, бала-шағалы азаматтарды қайта әскери дайындыққа тарту қоғамда түсініспеушілік тудыруы мүмкін екенін жеткізді.
Желіде тіпті Ғани Артықовтың ұсынысын тым радикалды деп бағалап, оны қызметтен босатуды талап еткен пікірлер де пайда болды. Ал кейбір қолданушылар әлемдегі геосаяси тұрақсыздық аясында мемлекет қорғаныс мәселесіне бейжай қарамауы керек деген ой айтты.
Қоғамдағы пікір екіге жарылғанымен, бұл ұсыныс Қазақстанда әскери саясат, ұлттық қауіпсіздік және азаматтық міндет тақырыбының қайтадан өзекті бола бастағанын көрсетті.
