«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпаратәскер

«Миллион айыппұлмен қорқытты»: Денсаулығында кінәрат бар сарбаз әскерде қаза тапты

Абай облысында әскерге жарамсыз сарбаз қаза тапты: анасы қорқытып әкеткенін айтты
көрнекі сурет

Абай облысында әскерге жарамсыз сарбаз қаза тапты: анасы қорқытып әкеткенін айтты

Абай облысындағы әскери бөлімде 18 жастағы Саламат Сәбитов қайтыс болды. Оның туыстары сарбаздың әскерге денсаулығында ақауы бола тұра алынғанын айтып отыр. Саламат биыл наурызда Солтүстік Қазақстан облысынан шақырылып, небәрі үш апта қызмет етіп үлгерген. Ант қабылдап та үлгермеген.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Саламатқа омыртқасы мен көру қабілетіне байланысты «әскерге жарамсыз» деген медициналық қорытынды берілген. Соған қарамастан, ол танк бөлімшесіне жіберілген. Әскерге барғаннан кейін жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түскен. Дәрігерлер оның өліміне менингит пен ми қабынуы себеп болғанын айтты.

Саламаттың анасы баласын әскерге қысыммен әкеткенін жеткізді:

«22 сәуір күні кешкі сағат 22:00-де үйге екі әскери қызметкер келді. Ұлымды әскерден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын, тіпті іс әскери прокурорға берілетінін айтты. Егер өз еркімен бармаса, 4 миллион теңге айыппұл салынатынын жеткізді. Мен ондай соманы төлей алмаймын. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Таңертең оны сол жерден әскерге алып кетті. Сол сәтте мен жұмыста болдым. Ұлымды тек пойызда шығарып саларда көрдім. Кейін қоңырау шалып тұрды, ешнәрсеге шағымданбады. Бірақ көп ұзамай жансақтау бөліміне түскені белгілі болды. Командирі бәрі жақсы екенін айтып, сендірмек болды. Бірақ біз туысымызды жіберіп, нақты жағдайды білдік. Сөйтсек, ұлым комаға түсіп қалған екен. Өзім ауруханаға таңертең жеттім. Сол күні жүрегі тоқтап қалды», – деді көзіне жас алған анасы.

Қорғаныс министрлігі сарбаздың өлімін растады. Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүргізіліп жатыр.

Ұқсас жаңалықтар

«Лаңкестер жағында соғыспақ болған»: Ақтөбелік ер адам үйінде 30 шақты қару сақтаған

Redaktor Shyn-Ar

Ұлытау облысындағы шахтада апат болды

Redaktor Shyn-Ar

Астана әкімдігі гейлер арасындағы ВИЧ-тің таралмауына 15 миллион теңге бөлді

Пікір жазу