«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясат

Референдум ашық әрі әділ өтті, ешқандай күмән жоқ – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 15 наурыздың Конституция күні ретінде белгіленетінін және жаз мезгілінде Парламент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы республикалық референдум барысында жүргізілген экзит-полл қорытындыларымен танысты.

Президенттің айтуынша, бүгінгі күн Қазақстан үшін тарихи маңызға ие. Ел азаматтары конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысқан.

«Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн. Азаматтарымыз Отанымыздың болашағын ойлап, өз таңдауларын жасады. Экзит-полл нәтижелері бойынша халқымыз түбегейлі тарихи шешім қабылдады. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін халық дауыс беру арқылы еліміздің тарихы мен тағдырын айқындады. Бұл шешім әлем тарихында да маңызды орын алады. Бұл – азаматтарымыздың отаншылдық рухының айқын көрінісі. Енді жыл сайын 15 наурызды Конституция күні ретінде атап өтеміз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру жолын таңдады. Бұл – бәрімізге ортақ жетістік», – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа Конституция елді жаңа жетістіктер мен табыстарға бастайтынына сенім білдірді.

«Дауыс берушілер саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұндай белсенділік көптен бері байқалмаған. Сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық ұстанымын білдірген барша азаматтарға алғыс айтамын. Осы арқылы біз әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін көрсеттік. “Бірлік бар жерде тірлік бар”. Елдің қуаты – бірлікте. Бізге татулық пен достық, сабырлық пен табандылық, еңбекқорлық пен сенімділік қажет. Сонда ғана біз дамыған әрі бәсекеге қабілетті мемлекет бола аламыз», – деді ол.

Президенттің сөзінше, халық қолдаған жаңа Конституция – елдің басты темірқазығы.

«Жаңа Конституция – Тәуелсіздік пен егемендіктің тірегі. Ата заңымыз адам құқығы мен бостандығының берік кепілі. Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін, жауапты азаматтары бар Әділетті қоғам құру жолында маңызды қадам жасадық. Осылайша ұлт тарихының жаңа парағы ашылды. Алда атқарылар жұмыс көп. Ең бастысы – халқымыз түбегейлі өзгерістерді қолдайды. Біз бірлесе отырып, келер ұрпаққа өркениетті әрі дамыған Қазақстанды аманат етеміз», – деді Президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы референдум барысында жастардың белсенділік танытқанын атап өтті.

«Жастарымызға ерекше алғыс айтамын. Олардың дауысы анық естілді. Қазақ елінің қасиетті Тәуелсіздігі мәңгі болсын! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін! Жаңа Конституциямыз құтты болсын!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұқсас жаңалықтар

Такси в Казахстане – самые дорогие в СНГ: цены выросли на 10% за год

Дариға Назарбаева “Целинный” орталығында көзге түсті: Елдің көзінен жасырынған маңызды жиналыс

Қазақстанда мешітке берілетін садақаны тексеру ұсынылды