Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс: сотта видеорегистратор жазбасы тыңдалды
Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында айыпталушылар мінген Toyota Prado автокөлігінің видеорегистраторындағы жазба жарияланды. Жазбада күдіктілер оқиғадан кейінгі жағдайды көлікте отырып қызу талқылаған. Бұл материал фонограммалық сараптамамен бірге сотта маңызды айғақ ретінде қарастырылды.
Айыпталушылардың әңгімесі
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сотта жазбаның стенограммасын жария етті. Видеожазбада сотталушылар Нұрқияс Ильясов, Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, сондай-ақ куәгер ретінде өтетін екі қыз бен екі жігіттің дауыстары естіледі.
Нұрқияс Ильясов пен Абзал Шынасыл оқиғаны «біздің тема» деп атап, оны терең талқылаған. Жазбада олар оқиғадан кейін «әкімдіктің алдында ішеміз» деп келіскен. Сонымен қатар, Грузия немесе Ресейге кету мүмкіндігі туралы сөз болған.
Көлік ішіндегі әңгімеде бейәдеп сөздер жиі қолданылған. Абзал Шынасыл Юлдаш Рузбакиев пен Арлан Кәскеновке: «Ештеңе көрмедік деп айтыңдар, ауыздарыңды жабыңдар» деп ескерту жасағаны естіледі.
Сондай-ақ, олар төбелес болған жерде қандай да бір дәлел қалды ма деген сұрақты талқылаған. Бір адамның «Хутор келді» деген сөзі жазбада анық естіледі. «Ұсталсақ, не дейміз?» деген дауыс та жазбаға түскен.
Сараптама жазбада Равиль Сакиевтің даусы бар екенін растады.
Куәгерлерді қайта шақыру туралы өтініш
Жәбірленуші тарап осы деректерге сүйене отырып, куәгерлер Эльмира Нұрбекова, Арлан Қазыкенов және Дана Жақсыкелдіні сотқа қайта шақыру туралы өтініш білдірді. Адвокаттың айтуынша, видеожазбада Эльмира Нұрбекованың шок күйінде болмағаны байқалған.
— «Оның іске қатысы бар деп есептейміз, сондықтан куәлік беруге шақыруды сұраймыз», — деді адвокат Шекеев.
Алайда судья Ержан Жанұзақов куәгерлерге қатысты күдікті ретінде қамауға алу туралы шешімнің болмауына байланысты бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Сотты жәбірленушілерсіз жалғастыру
Жәбірленуші тарап Шерзат Полаттың отбасы денсаулық жағдайына байланысты сотқа қатыса алмайтынын хабарлап, процесті олардың қатысуынсыз өткізуді сұрады.
Айыпталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұман Әбенов бұл шешімге қарсылық білдіріп:
— «Олардың жауабы әртүрлі, олар жауап беруге міндетті», — деді.
Судья куәлардан жауап алу кезінде сұрақтар қою мүмкіндігі берілгенін айтып, сотты жәбірленушілерсіз жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Айыпталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты Баймұханова бұл шешіммен келіспейтінін айтып:
— «Бұған дейін жәбірленушілерден жауап алғанда кейбір материалдар зерттелмеген деп, сотты өзіңіз тоқтатқан едіңіз. Қазір бұл материалдар зерттелді, сұрақ көп», — деді.
Іс бойынша жалпы жағдай
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат қайтыс болды. Бұл оқиға қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның отбасы әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырған болатын.
Кейінірек, 12 қазанға қараған түні, іс бойынша күдіктілермен туыстық байланысы бар Нұрымовтар отбасының үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдегенімен, үйді өртеген күдіктілер әлі анықталған жоқ.
Сотта айыпталушылардың қылмыстан кейінгі әрекеттері жазылған видеоматериал маңызды дәлел ретінде көрсетілді.