Шымкентте «MacCoffee 3 in 1» маркалы еритін кофені заңсыз өндіріп келген жасырын цехтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, контрафактілі өнім қарапайым гаражда дайындалған. Әділет органдары мен полиция департаментінің бірлескен жедел іс-шаралары барысында жасырын өндіріс орны анықталып, оның жұмысы тоқтатылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, күмәнді сападағы шикізат дайын қаптармен жеткізіліп, кейін арнайы термодәнекерлеу құрылғысының көмегімен фирмалық қаптамаларға салынып, бөтен тауар белгісі жапсырылған. Дайын өнім Шымкент қаласындағы шағын дүкендер мен сауда орындары арқылы сатылған.
Тексеру барысында құқық бұзушыдан «MacCoffee 3 in 1» тауар белгісі бар 4 мыңнан астам қаптама, сондай-ақ өндірісте пайдаланылған жабдықтар, таразылар және қаптама материалдары тәркіленді.
Құқық иеленушінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, тәркіленген өнім заңсыз өндірілген, белгіленген сапа талаптарына сәйкес келмейді және тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Аталған дерек бойынша құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы («Бөтеннің тауар белгісін заңсыз пайдалану») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары сотқа жолданып, тиісті шешім қабылданатын болады.
