Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесі мемлекет пен халықаралық серіктестер арасындағы стратегиялық ықпалдастықтың сенімді алаңы болып қала беретінін атап өтті.
– Бұл форум 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда инвестициялық экожүйе қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Кеңестің қолдауымен инвестициялық ахуалды жақсартуға, ашықтықты арттыруға және кәсіпкерлік жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған реформаларды жалғастыруға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, сарапшылар жаһандық ІЖӨ өсімі алдағы жылдары 2,9%-ға дейін баяулайды деп болжап отыр. Инфляциялық қысым, жеткізу тізбегіндегі үзілістер мен іскерлік ортадағы белгісіздік әлемдік экономиканың перспективаларын нашарлатуы мүмкін. Осындай жағдайларда халықаралық диалогтың маңыздылығы арта түседі.
– Қазақстан сыртқы экономикалық қысымдарға қарамастан тұрақтылық таныта білді. Биылғы бес айда экономика 6 пайызға өсті. Оған көлік, логистика, құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі мен өңдеу салалары айтарлықтай үлес қосты, – деді Президент.
Тоқаевтың пікірінше, Қазақстанның географиялық орналасуы, адами капиталы мен реформалар жүргізу бағыты инвесторларға мол мүмкіндік береді. Ол Инвестициялық штабтың жұмысын мысалға келтірді. Бұл құрылым «осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша инвесторлар мәселесін жедел шешуге бағытталған. Бүгінге дейін 137 жобаға (жалпы сомасы 70 млрд доллар) қолдау көрсетілген. Сонымен қатар, инвесторлардың түйткілдерін шешуге бағытталған заңнамаға 140 түзету енгізілді.
Президент сондай-ақ инвестор құқығын қорғау үшін енгізілген «прокурорлық сүзгі» туралы айтты. Енді мемлекеттік органдар Бас прокуратураның келісімінсіз инвесторларға қатысты тексеру жүргізе алмайды.
– Біз Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қостық. Ол инвестицияға қатысты барлық қызметті «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіреді. Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексі Сенат қарауына енгізілді. Онда жергілікті өндірісті дамытатын инвесторларға мақсатты жеңілдіктер беру және жоғары қосылған құны бар өнімді экспорттаушыларды қолдау көзделген, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы тау-кен секторының маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл сала өңдеу өнеркәсібінің негізгі тірегі болып отыр. Қазақстан жаһандық тау-кен және металлургия салаларындағы орны мен әлеуетін ескере отырып, шетелдік компаниялар үшін ашық әрі тұрақты юрисдикция ұсынады.
– Елдегі реформалар нәтижесінде геологиялық барлау саласына Rio Tinto, Fortescue, Ivanhoe, First Quantum және Tech Resources сынды ірі ойыншылар келді. Жаңа Салық кодексінде шикізатты ел ішінде өңдеуге ынталандыратын роялти тәртібі қарастырылған. Қазақстанның бай ресурстық базасы, заманауи заңнамасы және ашық салық жүйесі бізге стратегиялық маңызға ие пайдалы қазбалар бойынша жаһандық жеткізу тізбегінде орнығуға мүмкіндік береді, – деді Президент.