«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратБасты ақпаратМәдениетТаным

Тоқаев: «Тарихты білу – ұлт болашағына деген жауапкершілік»

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл – қазақ халқының ең бір қаралы беттері, өткен ғасырдағы зұлматтың зардабын шеккен миллиондаған тағдырлар мен сол нәубетті кезеңнің құрбандарына тағзым ету күні.

Аталған күнге орай өткен еске алу іс-шарасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың тарихи жадын жаңғырту, тоталитарлық жүйе құрбандарын ақтау және тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында кең көлемді баяндама жасады.

Қазақ халқы тартқан зобалаң

Президент өз сөзінде өткен ғасырда Кеңес Одағы құрамында болған барлық халықтардың қуғын-сүргін мен ашаршылық секілді ауыр кезеңдерді бастан өткергенін атап өтті. Бірақ бұл зұлматтың салмағы әсіресе қазақ еліне ауыр тигенін айтты. Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде халық мал-мүлкінен айырылып, алапат ашаршылыққа ұшырады. Мыңдаған адам шетел асуға мәжбүр болды. Ал 1937-38 жылдардағы сталиндік репрессия жылдарында қазақ ұлты өзінің ең озық, ең білімді азаматтарынан – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сынды зиялыларынан айырылды.

«АЛЖИР» – жазықсыз жандардың зары

Қазақстан аумағында орналасқан 11 ГУЛАГ лагерінің бірі – АЛЖИР, әйелдерге арналған ерекше лагерь болды. Онда Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин секілді ұлт қайраткерлерінің жұбайлары мен туыстары жазықсыз қамалды. Президент бұл зұлматты бастан өткерген жандардың ұрпақтары қазіргі таңда арамызда жүргенін тілге тиек етіп, өткеннің шындығын білу – қазіргі және келер ұрпақтың азаматтық борышы екенін еске салды.

Жаппай ақтау және тарихи әділдік

Тоқаевтың айтуынша, соңғы бес жылда қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия үлкен жұмыс атқарды. 300 мыңнан астам адам ақталып, 2,5 миллионнан астам құжаттың құпия белгісі алынды. Бұрын беймәлім болып келген 700 мың қылмыстық іс Президент архиві жанынан құрылған арнайы орталыққа тапсырылып, ғылыми айналымға енгізілді. Комиссия зерттеуінің нәтижесінде 72 томдық жинақ, Алаш қайраткерлеріне қатысты 12 томдық еңбек жарық көрді.

Президент өз сөзінде бұл – әлемде теңдесі жоқ зерттеу екенін, көптеген шет елдерде мұндай ауқымды ғылыми ізденіс пен архив жұмыстары әлі қолға алынбағанын айтты. Мемлекет басшысы осы істі атқарған ғалымдар мен сарапшыларға шынайы ризашылығын білдіріп, олардың еңбегі лайықты түрде марапатталатынын мәлімдеді.

Тарихты саясат құралына айналдыруға болмайды

Тоқаев тарихты бұрмалау мен саяси ойындардың құралына айналдыруға қатаң қарсы екенін білдірді. Ол жақында ғана мадақталған тұлғалардың аяқ астынан датталуы немесе, керісінше, бұрынғы қылмыскерлердің «қаһарман» болып шығуы – ғылым мен ұлт санасын құрдымға апаратын қауіпті құбылыс екенін атап өтті. «Біз жазықсыз қуғындалған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің есімін ұмытпауымыз керек», – деді Президент.

Өткенге тағзым – болашаққа жауапкершілік

Мемлекет басшысы тарихқа біржақты, өкпе-назбен емес, салқынқанды, зерделі көзқарас қажет екенін ескертті. «Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет», – деді ол.

Оның айтуынша, қазақ халқы тәуелсіздікке жету жолында сан түрлі қиындықтан өтті, сондықтан оны бағалай білу – әр азаматтың санасында берік орнығуы тиіс.

Әділетті Қазақстан жолында

Сөз соңында Президент стратегиялық бағыт пен реформаларға тоқталып, елдегі саяси жүйені жаңғырту, Конституциялық Сот құру, жергілікті билікті халыққа жақындату үшін атқарылған жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, мұның бәрі әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадамдар.

Ұқсас жаңалықтар

Санаулы күн қалды: ІІМ өкілі мопедтерді тіркеудің жаңа талаптары туралы айтты

Трамп Ақ үйде мұсылман қауымына ауызашар берді

Redaktor Shyn-Ar

Продажи новых автомобилей выросли в спросе Казахстане.

Пікір жазу