Атырауда блогер Instagram-дағы видеосы үшін 15 тәулікке қамауға алынды
Атырауда блогер Instagram парақшасында жариялаған видеосы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бейнежазбада «халық жертөледе өмір сүріп жатыр» деген пікірмен қатар, Қазақстан Президентіне қатысты балағат сөздер айтылған.
12 маусымда сот аталған блогерге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі — «Ұсақ бұзақылық» бойынша істі қарады. Іс материалдарында көрсетілгендей, бейнежазба қоғамдық тәртіпке қайшы келіп, айналасындағыларға анық құрметсіздік білдірген.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, сотта өкінетінін жеткізген. Бұл жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескерілгенімен, құқықбұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер назарға алынып, сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.