Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстанның Өзбекстан, Ұлыбритания және Румыниядағы төтенше және өкілетті елшілері ауысты.
Ералы Тоғжанов Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Бейбіт Атамқұловтың орнына келді. Тоғжанов бұған дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, Діни істер комитетінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының әкімі, Премьер-министрдің орынбасары, кейін Премьер-министрдің кеңесшісі қызметтерін атқарған.
Әлібек Бақаев Қазақстанның Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ол еңбек жолын Сыртқы істер министрлігінде бастап, Германиядағы Қазақстан елшілігінде, министрліктің түрлі құрылымдарында қызмет атқарды. Кейін Швейцария, Лихтенштейн, Ватикан, Австрия және Словениядағы Қазақстанның елшісі болды. 2023 жылдан бері Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.
Амангелді Сайынов Қазақстанның Румыниядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Осыған дейін бұл қызметті атқарған Әли Ерлік лауазымынан босатылды. Сайынов еңбек жолын 2002 жылы Сыртқы істер министрлігінде бастап, Австриядағы Қазақстан елшілігінде, министрліктің бірқатар департаменттерінде басшылық қызметтер атқарды. Германиядағы Қазақстан елшілігінде кеңесші болып жұмыс істеді. 2021 жылдың желтоқсанынан бері Сыртқы істер министрлігі аппаратының басшысы қызметін атқарып келді.
