Жамбыл облысы Сарысу ауданында жаназа намазына 100 мың теңге талап етіледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми түсініктеме берді.
Аталған мәліметті айтыскер Алик Бекмусаев Threads желісіндегі парақшасында жариялап, «жоғарыдан келген бұйрық дейді» деп жазған. Бұл жазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамда алаңдаушылық туғызды.
Алайда ҚМДБ бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ресми хабарламада жаназа намазы мешіттерде діни талаптарға сай тегін оқылатыны айтылған.
«Ақылы түрде өткізу туралы ешқандай бұйрық немесе нұсқау берілген жоқ. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді», – делінген діни басқарманың мәлімдемесінде.
Сарысу ауданының бас имамы да бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, айтыскермен байланысуға тырысқанын, алайда нақты дәлелдер ұсынылмағанын хабарлады.
ҚМДБ барлық діни рәсімдер ақысыз орындалатынын еске салып, халықты жалған ақпаратқа ермеуге шақырды. Сонымен қатар, мұндай жалған мәліметтер жұрттың діни сеніміне нұқсан келтіріп, қоғамда негізсіз дүрбелең тудыратынын атап өтті.
Діни басқарма кез келген мәселе бойынша мешіттерге немесе уәкілетті органдарға тікелей жүгінуге кеңес береді.