Астана қаласындағы Орынбор көшесінде орналасқан Envy велосипедтер дүкенінде мемлекеттік тілде қызмет сұраған ана мен кішкентай қызына сатушының дөрекілік танытуы әлеуметтік желіде кең талқыға түсті. Бұл туралы журналист Кәмшат Тасболат өзінің Facebook парақшасында жазды.
Оның айтуынша, ол 6 жасар қызымен бірге велосипед іздеп барған. Сатушы тауар бағасын тек орыс тілінде айтқан кезде, баласы түсінбей қалған. Осыған байланысты журналист сатушыдан бағаны қазақ тілінде айтуын сұраған. Алайда қызметкердің жауабы күткендей болмаған.
«Қазір таяқ жейсің! Президент не дегенін естімедің бе? Сендейлерді жазаға тартады!» – деп айқайлаған сатушы. Сонымен қатар, ол кішкентай қызды «ұлтшыл» деп кемсітіп, агрессия танытқан.
Кәмшат Тасболаттың айтуынша, сатушы ашық агрессиядан кейін басқа тұтынушыларға қызмет көрсете берген. Анасы наразылық білдірмек болғанымен, бұл әрекет еленбей қалған.
«Қызым қатты қорқып, ойыншықтардың арасына тығылды. Осындай жағдайлар балалардың психологиясында терең із қалдырады. Бұрын ‘бүжәймен’ қорқытушы еді, енді президентпен қорқытатын болған ба?» – деп жазды журналист.
Ол сондай-ақ дүкендегі барлық көрнекі ақпараттың тек орыс және ағылшын тілдерінде екенін атап өтті. Бұл – Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы.
«Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының» 21-бабы мен «Жарнама туралы» заңының 6-бабына сәйкес, барлық көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Ал мұндай заңбұзушылық үшін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 453-бабы бойынша кәсіпкерге 50 АЕК (184 600 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылған.
«Бұл дүкенде бір ауыз қазақша сөз жоқ. Заңды елемей отырғандар жауап беруі керек», – дейді Кәмшат Тасболат.
Қоғамдық реакция: бойкот және үндеу
Оқиғадан кейін журналист Envy дүкеніне бойкот жариялап, қазақ тілінде қызмет көрсететін басқа дүкен тапқанын хабарлады. Сонымен қатар ол Тілдерді дамыту басқармасын осы мәселеге назар аударуға шақырды.
Бірақ көп ұзамай Кәмшат Тасболат өзінің жазбасын өшіріп тастаған. Ол тек «Өшіртті» деген қысқа жазба қалдырып, кім немесе қандай себеппен екенін нақтыламаған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін азаматтарды бір-бірін белгілі бір тілде сөйлеуге мәжбүрлемеуге шақырған. Алайда сарапшылардың айтуынша, бұл мәлімдеме кей жағдайларда мемлекеттік тілде қызмет сұраған азаматтарға қарсы қысым көрсетуге сылтау болып кетіп отыр. Соның салдарынан қазақ тілінде сөйлеген адамдарға «ұлтшыл» деген айып тағу, тілдік құқықты мойындамау фактілері жиілей түсуде.
Қазақ қоғамы бұл жағдайдан кейін мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау қажеттігін тағы да алға тартты. Әлеуметтік желілерде көпшілік Envy дүкенінің әрекетін сынға алып, мемлекеттік тілді менсінбейтін кез келген кәсіпкерлік нысан жауапқа тартылуы тиіс деген пікірде.