Сумен қамтуға қосымша 161 млрд теңге бөлінді: 2025 жылы 1,3 млн адам сапалы ауызсуға қол жеткізеді
Бүгін өткен үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев елімізде сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға арнайы мемлекеттік қордан қосымша 161 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады.
«2024 жылы республикалық бюджет есебінен Су ресурстары және құрылыс министрлігіне су жүйелерін салу және реконструкциялау үшін 124 млрд теңге қарастырылған. Аталған жұмыстарды аяқтау үшін қосымша 161 млрд теңге екі траншпен бөлінді. Жобалар жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс», – деді Бозымбаев.
Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бүгінде 10 облыста 31 жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар Ақмола, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс және Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Ұлытау облыстарында жүргізілуде.
Министрдің мәліметінше, жобалар аясында 2,6 мың шақырым су құбыры салынып, 1,3 миллион тұрғыны бар 468 елдімекендегі ауызсу сапасы жақсарады. Сонымен қатар, 53 елдімекен алғаш рет орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.
2025 жылы бұл жобаларды жүзеге асыруға 101 млрд теңге бөлінбек. Оның ішінде:
-
38,2 млрд теңге – Ұлттық қордан,
-
59,3 млрд теңге – арнайы мемлекеттік қордан,
-
3,4 млрд теңге – республикалық бюджеттен бағытталған.
Жылдың алғашқы бес айында шамамен 250 шақырым су құбыры тартылып, 6 облыста 10 жоба іске қосылады деп күтілуде. Нәтижесінде, 500 мың тұрғыны бар 150 ауылдың суға қолжетімділігі артады. Олардың қатарында алғаш рет орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылатын 4 ауыл да бар.
Сондай-ақ, Ақмола, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын жаңғыртуға арналған алты жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл 102 шақырым желіні қамтып, 335 мың тұрғыны бар 202 елдімекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
