Премьер-Министр Олжас Бектенов үкіметтік брифингте Ресей салып беруге тиіс болған үш жылу электр орталығына (ЖЭО) қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, егер жақын арада қаржыландыруға қатысты нақты жауап болмаса, Қазақстан бұл жобаларды өз күшімен жүзеге асыруға кіріседі.
«Әзірге Ресей тарапынан кепілдендірілген, арзан қаржыландыру бойынша нақты ақпарат түскен жоқ. Сондықтан Көкшетаудағы ЖЭО құрылысын ешкімге жүгінбей бастап кеттік. Қазір бұл жобамен «Самұрық-Энерго» айналысып жатыр», – деді Бектенов.
Семей мен Өскемендегі станцияларға қатысты да нақты жауап күтілуде. Егер ол болмаса, бұл жобалар бойынша да ішкі ресурстар есебінен құрылыс басталуы мүмкін.
«Аталған ЖЭО жобалары ел үшін аса маңызды. Біз ұзақ күте алмаймыз – жылу мен электр қуатына сұраныс жоғары», – деп атап өтті Премьер-Министр.
Оның айтуынша, жобалар бюджетке салмақ түсірмей, нарықтық тетіктер арқылы жүзеге асады. Станциялар іске қосылғаннан кейін кәсіпорындар салынған инвестицияны өздері өтейді.