Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) құрбан шалу рәсіміне қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Басқарма Құрбан айт кезінде құрбан шалуды қашықтан ұйымдастыруға арналған арнайы сайтты іске қосты.
ҚМДБ мәліметінше, тұрғындарға, әсіресе ірі қалаларда тұратын азаматтарға қолайлы болу үшін биыл да құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Осы мақсатта арнайы платформа жұмысын бастады.
«Мұсылман қауымының қасиетті айт мерекесіне орай барша қазақстандықтарды Құрбан айт күндері ұйымдастырылатын қайырымдылық шарасына атсалысуға шақырамыз», – делінген басқарма хабарламасында.
Діни басқарманың хабарлауынша, онлайн түрде құрбан шалғысы келетін азаматтар сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR көмегімен төлем жасай алады.
«Қой мен ешкіні бір адам жеке шалады, ал ірі қара мен түйені бір немесе жеті адам бірігіп шалуға болады. Тапсырыс сәтті рәсімделген жағдайда, тапсырыс берушінің телефонына SMS хабарлама жіберіледі. Құрбандық шалынғаннан кейін фото және видео есеп көрсетілген нөмірге жолданады», – деп хабарлады ҚМДБ.
Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстанда Құрбан айт мерекесі 27 мамырда атап өтіледі.
