Қоғамның көңіл-күйі, Президентке деген сенім және жасанды интеллект – «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Нұрбек Матжани Орталық коммуникациялар қызметінің подкастында әлеуметтанулық әдістер арқылы қоғамды қалай «естуге» болады және бұл деректер неге мемлекеттік шешімдерге ықпал етеді деген сұрақтарға жауап берді.
2019 жылы құрылған Институт отбасылық және гендерлік саясат, қоғамдағы құндылықтар мен көңіл-күй, медиа және т.б. салаларда 200-ге жуық зерттеу жүргізді.
Институт тоқсан сайын Қазақстанның барлық өңірлерінде ел дамуының негізгі бағыттары, ҚР Президенті мен Үкіметтің бастамаларын қолдау бойынша 2400 адамды қамтитын face to face жаппай сауалнама жүргізеді. Зерттеу нәтижелеріне тоқтала келе, Нұрбек Матжани респонденттердің 80,2%-ы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім білдіретінін атап өтті. Басты себептер қатарында шет елдермен арада жанжалдың болмауы, жаңа бағдарламаларды іске асыру, өмір сүру сапасын жақсарту, елдегі тұрақтылық бар.
«Бұл ретте респонденттердің көпшілігі, яғни 80,7% Президенттің қызметін қолдайтынын айтып, мына бастамаларын ең сәтті деп есептеген. Бұл «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақыны көтеру, 2025 жылғы студенттердің шәкіртақысын арттыру, 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау және балаларға арналған «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі», — деді Нұрбек Мәтжани.
Сонымен қатар, қоғамның ҚР Үкіметіне деген сенім деңгейі 71,7%. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 72,7% елдегі жағдайды тұрақты әрі жайлы деп сипаттаған.
Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасы Нұрбек Матжанидің пікірінше, зерттеу орталықтарының сапалы жұмысы дұрыс шешім шағаруға ықпал етеді.
Подкаст барысында сондай-ақ әдістеменің объективтілігі, жасанды интеллект дәуірінде әлеуметтанудың алдында тұрған міндеттер туралы айтылды.
Нұрбек Матжанидің сөзінше, ChatGPT платформасы кеңінен қолданылғанымен, аналитика, болжам жасау арнайы дайындалған мамандардың ғана қолынан келеді.
Подкаст қонағы Қазақстандық қоғамдық даму институты дайындаған «Академиялық мәтін жазу шеберханасы» кітабы туралы да айтып өтті. Кітап ЖОО кітапханалары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының қорларына таратылады.