Талғар ауданындағы №33 мектеп осыдан жарты ғасыр бұрын, 1966 жылы салынған. 460 оқушыға арналған оқу орнына қазіргі таңда 1342 бала барып жүр. Алайда мектеп ғимаратының іші-сырты әбден ескірген, ал спорт инфрақұрылымы — мүлде назардан тыс қалған.
Мектепке жуырда жергілікті кәсіпкер Эльмира Рудакова арнайы келіп, оқу орнының қазіргі ахуалымен танысты. Оның назарын ең алдымен тозығы жеткен спорт алаңдары мен қауіп төндіретін еден жабындары аударды. Атап айтқанда, футбол қақпасының торлары жыртылып, баскетбол сақиналары торсыз күйде тұрғанын, спорт залдағы жабдықтар да өз қызметін атқаруға жарамайтынын көріп қайтқан болатын.
Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған кәсіпкер нақты көмек көрсетті
Мектептегі жағдайға бейжай қарамаған кәсіпкер бір сыныптың еденін толықтай жөндеп берді. Бұған дейінгі линолеумнің астында борпылдақ қиыршық тастар болған. Үлкен тесіктер балалардың ойнап жүріп, жарақат алуына себеп болуы мүмкін еді. Жөндеу жұмысы барысында еденнің беті тегістеліп, арнайы бетон контакт жағылып, экологиялық және суға төзімді винил жабындысы төселді. Бұл материалды зеңге, шіруге ұшырамайды әрі ауаға зиянды зат бөлмейді дейді кәсіпкер.
Айта кетерлігі, игі іске аудандық мәслихат депутаты Алмас Расылхан мұрындық болып, кәсіпкерді көмек көрсетуге шақырған. Жөнделген сыныппен танысқан мектеп директоры Әмина Смағұлова басқа сыныптардағы едендердің де жағдайы мәз емес екенін айтты.
— Біз балалардың қалада оқып жүрген замандастарынан кем түспеуін қалаймыз. Қолдан келгенше жағдайды жақсартуға тырысып жатырмыз. Қазір мектепке күрделі жөндеу тек үш жылдан кейін ғана жоспарланған. Соңғы күрделі жөндеу жұмысы осыдан он жыл бұрын жасалған, — дейді мектеп басшысы.
Ұстаздар өз қалтасынан ақша шығарып жатыр
Қазіргі кезде мектеп ұжымы жағдайды өз күшімен шешуге тырысып отыр. Өз жалақысынан ақша шығарып, жұмысшылар жалдап, сыныптарын жөндеп жүрген ұстаздар да баршылық. Мысалы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақмарал Жұмабекова еден жөндеуге 110 мың теңге жұмсаған. Алайда жұмыс сапасы көңілінен шықпапты. Соның салдарынан оқушылар әлі де тегіс емес еденде білім алуға мәжбүр.
— Балалардың қауіпсіздігі мен оқу жағдайы біз үшін бірінші орында. Бұл ғимарат қанша жөнделсе де, тамырымен шешілмейінше нәтиже бермейді. Шын мәнінде, балаларға жаңа әрі кең мектеп керек, — дейді 22 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаз.
№33 мектептің мәселесі — жеке бір ауылдың емес, бүкіл елдің ортақ проблемасына айналған білім саласының көрінісі. Ата-аналар мен ұстаздар, кәсіпкерлер мен жергілікті билік бірлесе қимылдағанда ғана жағдай жақсаратыны анық. Қазір мектеп басшылығы қосымша ғимараттар салу үшін инвесторлар іздестіруде.
Бұл бастама өзге де азаматтарға үлгі болса игі. Әр баланың сапалы білім алуға, қауіпсіз ортада өсуге толық құқығы бар. Ал бұл құқықты қамтамасыз ету — қоғамның ортақ міндеті.