Астанада қоғам белсендісі Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтуде. Іс материалдарында 2021 жылы Sheraton қонақүйінде өткізілген қайырымдылық аукционы басты назарда болды.
Сотта жәбірленуші ретінде танылған «MM Group Development» ЖШС директоры Мөлдір Сүйіншәлі аукцион кезінде Геннадий Головкиннің бокс қолғаптарын 10 миллион теңгеге сатып алғанын айтты. Алайда оның сөзінше, бұл сома қолғап үшін емес, науқас балаларға арналған оңалту орталығының құрылысына көмек ретінде берілген.
— Мен бұл қаражатты қайырымдылық мақсатында бердім. Қолғап үшін емес. Ақшаның орталық құрылысына жұмсалатынына сендім, — деді ол.
Алайда уақыт өте келе орталықтың тағдыры белгісіз болып қалған. Сүйіншәлі жоба бойынша нақты ақпарат ала алмаған соң, тергеуге дейінгі кезеңде 10 миллион теңгені қайтару туралы азаматтық талап арыз бергенін мәлімдеді.
— Егер бұл қаражат шын мәнінде құрылысқа жұмсалған болса, мен шағымданбас едім. Бірақ ақша діттеген жеріне жетпесе, оны қайтару – әділетті шешім, — деді жәбірленуші.
Қорғау тарапы қолғаптың 10 миллион теңгелік құнына күмән келтіріп, жәбірленушіден сұрақ-жауап кезінде бұл төлемнің нақты мән-жайын анықтауға тырысты.
Айыптау актісіне сәйкес, Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаева аталған аукционда жалпы сомасы 21,6 миллион теңге жинаған. Прокуратура бұл қаржының қайырымдылық мақсаттарға емес, Дубайдағы люкс қонақүйлерде тұру, брендтік киімдер сатып алу және өзге де сән-салтанатты өмір салтына жұмсалғанын алға тартуда.
Сот процесі жалғасып жатыр.