«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратҚұқық

Белгілі профессор Кәкен Хамзин алаяқтардың арбауына түсіп, баспанасынан айырылды

Алматыда белгілі журналист, профессор Кәкен Хамзин алаяқтардың құрбаны болды. Алаяқтар өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырып, қарт профессорды алдап, үйін сатып жіберген. Бұл туралы қоғам белсендісі, журналист Айбар Олжаев мәлім етті.

Оның айтуынша, қаскөйлер алдымен “Энергосбыт” қызметкерлері ретінде хабарласып, профессордың мекенжайы, ЖСН және пәтеріне қатысты жеке деректерін анықтаған. Кейін ҰҚК атын жамылып хабарласып, «үйіңіз біреулердің көзінде жүр, тартып алуы мүмкін» деген сылтаумен тез арада үйді сатуға көндірген. Алаяқтар ақшаны Ұлттық банктің арнайы шотына салу қажет деп сендіріп, нәтижесінде профессор пәтерін нотариус арқылы сатып, қаржыны күдіктілер жіберген курьерге бере салған.

Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Дегенмен, Айбар Олжаев аталған істің маңыздылығын ескеріп, оған билік пен қоғамның назарын аударуға шақырды.

– Бұл – жай ғана алаяқтық емес. Бұл – ардагер журналист пен ғалымға қарсы ұйымдасқан қылмыс. Алматы қаласының Полиция департаментін осы резонансты іске белсенді араласуға шақырамын. ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов мырзадан істі жеке бақылауға алуын сұраймын, – деді Олжаев.

Ол сондай-ақ үйді сату мәмілесін сот арқылы заңсыз деп тану үшін тәжірибелі адвокаттардың көмегі қажет екенін атап өтті. Қоғамдық резонанс тудыру арқылы ғана профессорды қорғап қалуға болатынын айтты.

– Бұл жағдайда сыйлайтын ағамыз, заңгер Абзал Құспанның кәсіби кеңесі аса маңызды. Сондай-ақ профессордың шәкірттері – Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Нартай Сәрсенғалиев, журналистер Мақсат Толықбай мен Ермұрат Бәпи бұл іске үн қосса, Кәкен ағамызды аман алып қалуға мүмкіндік бар, – деді ол.

Қазір Кәкен Хамзин жалғыз. Үйінде баррикада орнатып, жаңа «иелерден» қорғануға мәжбүр. Пәтерді сатып алғандар кешкі және түнгі мезгілде келіп, қоқан-лоққы көрсетіп жүргені айтылуда. Жағдай ушығып барады.

Ұқсас жаңалықтар

Қуандық Бишімбаевтың отбасы балаларға алимент төлеуден бас тартқан

Redaktor Shyn-Ar

Әскерге шақырылған сарбаз Қорғаныс министрлігінің қызметкерін сотқа берді

270 сарбаздың өлімі: министрлік себебін түсіндірді

Redaktor Shyn-Ar

Пікір жазу