«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Мәдениет

Бағалайық

Бидай боп жайқалады сепкен егін,

Сөзімді масатыдай кестеледім.

Бірімізді біріміз бағалайық,

Өлген соң тіршілікте жоқ керегің.

Өрілсін өмілдірік отты өлеңім,

Қағып тұр уақыт сақшы шот дерегін.

Бірімізді біріміз бағалайық,

Астына бармай тұрып боз төбенің.

Сәт санап өтіп жатыр жалған күнің,

Балалық шақ, жастығың арман бүгін.

Бірімізді біріміз бағалайық,

Көрсетіп адамзаттың заңғарлығын.

Пендеміз өзін жақсы есептеген,

Өзгені жаралайтын өсекпенен.

Бірімізді біріміз бағалайық,

Топырақ болмай тұрып кесек денең.

Біреу бай, біреу кедей бұл өмірде,

Тағдырға өкпелеудің керегі не?!

Бірімізді біріміз бағалайық,

Жеткізіп сыйластықты кемеліне.

Сезімім алабұртып дос дегенде,

Дос қадірін тіл жетпес кестелеуге.

Бірімізді біріміз бағалайық,

Көңіл шіркін мінгендей көк дөненге.

Мінгесіп ап бір күдік, бір күдікке,

Сыйластыққа араздық қылды нүкте.

Бірімізді біріміз бағалайық,

Бағамызды арттырып тіршілікте.

Алшысынан түсірер асығыңды,

Жақынменен туыстың заты құнды.

Бірімізді біріміз бағалайық,

Өлгеніңше сыйлап өт жақыныңды.

Ажалға анық байланған ноқта басың,

Абай айтқан боқ қабы боқ қанасың.

Бірімізді біріміз бағалайық,

Өлген соң өкпеге де жоқ боласың.

09.07.2025 Жақсыбек Сайлаубай

Ұқсас жаңалықтар

Ғашықтар күні неге 15 сәуірде атап өтіледі?

Redaktor Shyn-Ar

Жанат Бақыт: «Қазақи киімді тек наурыздың 22-сі күні киетін әрекетіміз ұнамайтын»

Redaktor Shyn-Ar

Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» әңгімесінің негізінде көркем фильм түсірілмек

Пікір жазу