Парламент депутаттары «Құрылтай туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Жаңа заң бір палаталы Парламент — Құрылтайдың мәртебесін, құрылымын және өкілеттіктерін айқындап, елдегі заң шығару жүйесінің жаңа моделін бекітеді. Құжат 15 наурызда өткен республикалық референдум нәтижесінде қабылданған Конституция нормаларын жүзеге асыру мақсатында әзірленді.
Заңға сәйкес, Құрылтай құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді. Құжатта депутаттардың құқықтары мен міндеттері, депутаттық бірлестіктер құру тәртібі, парламенттік көпшілік пен оппозицияның қызметі, сондай-ақ депутаттық әдеп нормалары нақты көрсетілген.
Сонымен қатар заң шығару бастамасын көтеруге құқығы бар субъектілер қатары кеңейтілді. Енді мұндай құқық Қазақстан Халық Кеңесіне де беріледі. Бұл бастама Құрылтайға тиісті ұсыныстар енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Қабылданған заң Құрылтай мен Үкімет арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін де реттейді. Атап айтқанда, Үкімет құрамына ұсынылған кандидаттарды талқылау, олардың есептерін тыңдау және бюджетке қатысты бастамалар бойынша Үкіметтің үш ай ішінде қорытынды беру механизмі енгізіледі.
Бұдан бөлек, Құрылтайға бірқатар маңызды кадрлық өкілеттіктер беріледі. Оның ішінде Президент ұсынған вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беру құқығы қарастырылған.
Сондай-ақ Президенттің ұсынысымен Құрылтай депутаттарына Жоғарғы сот судьяларын сайлау өкілеттігін беру көзделіп отыр. Заңда Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын қол сұғылмаушылық құқығынан айыру тетіктері де қамтылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар аясында депутаттардың рөлі мен жауапкершілігін күшейту мәселесі бірнеше рет көтерілген болатын. Бұған дейінгі саяси реформалар барысында депутаттардың халық алдындағы есептілігін арттыру, сайлаушылармен байланысты нығайту және кәсіби құрамын жақсарту қажеттігі айтылған еді.
