Тоқаев Құрылтай сайлауында дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрағына жауап беріп, елдегі алдағы саяси өзгерістерге қатысты пікір білдірді.
Брифинг барысында «Хабар» телеарнасының тілшісі конституциялық реформаның жалғасуы, Құрылтай мен Халық Кеңесінің жұмысы және Вице-президент лауазымының енгізілуіне байланысты елде қандай өзгерістер болатынын сұрады.
Президент Вице-президент лауазымы қазіргі кезеңде ел үшін маңызды екенін айтып, оның кандидатурасы жақын күндері жарияланатынын жеткізді.
«Жұрттың бәрі Вице-президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Вице-президенттің кім болатыны келесі аптада немесе он күн ішінде белгілі болады. Алайда ол нақты кандидаттың есімін әзірге атаған жоқ.
«Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа орган қоғамдық-саяси процестерге кеңірек араласуға мүмкіндік беретін көпфункционалды саяси тетікке айналуы тиіс.
Президент алдағы өзгерістердің тек саяси реформалармен шектелмейтінін де айтты. Оның сөзінше, елімізде ауқымды құрылыс және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
«Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі. Емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, басқа да нысандар салынады», – деді ол.
Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы және Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді бірқатар маңызды нысан бой көтермек. Мемлекет басшысы қалаларды абаттандыру жұмыстарын жалғастырып, «Таза Қазақстан» акциясын жүйелі түрде жүзеге асыру қажет екенін айтты.
Тоқаев саяси науқанның нәтижесіне де тоқталып, Құрылтайдың ел дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
«Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек. Жалпы, саяси науқан жақсы өтті. Себебі жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды идеялар айтылды. Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын», – деп түйіндеді Президент.
