Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың бір-бірін қандай да бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайтынын айтты. Сондай-ақ ол ел ішіне іріткі салуға тырысқандар заң алдында қатаң жауап беретінін еске салды.
Президенттің айтуынша, бүгінде мектеп бітіруші түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Ал биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттайтын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алады.
Сонымен қатар, Тоқаев елімізде азаматтардың бір-бірін белгілі бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, тіл мәселесін желеу етіп, қоғамда алауыздық тудыруға бағытталған кез келген әрекетке заң шеңберінде тосқауыл қойылады. Бұл тек ел ішінде емес, шетелде отырып, түрлі ұйымдардың тапсырмаларын орындайтын арандатушыларға да қатысты.
«Елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуі тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз», — деді Тоқаев.
Тоқаев өткен жылы Ұлттық құрылтай отырысында ел бірлігі, отаншылдық, тәуелсіздік және келісімнің маңызды құндылықтар екенін атап өтті. Ол бұл құндылықтардан ауытқитын әрекеттерге қарсы тұрып, заң шеңберінде жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ұлт бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым құрметке лайықты болатынын айтты.