Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Шығыс Қазақстандағы Сарыбұлақ маңында газ қоры болуы мүмкін екенін айтты. Қазір қосымша барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Зайсан ауданындағы Сарыбұлақ кен орны маңында газ барлау жұмыстары басталғанын хабарлады. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда “Тарбағатай-Мұнай” компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Бірінші кезекте бұл – газ кен орны. Мұнай көлемі аз, әрі ол өңделмейді. Мұнай жолай кездесуі мүмкін, ал негізгі ресурс – газ. Газ бар ма, нақты қор қандай – соны анықтау үшін барлау жұмыстары жалғасып жатыр, – деді Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысынан соң өткен брифингте.
Министрдің мәлімдеуінше, зерттеу нәтижелері оң болса, алдымен ішкі нарықты, соның ішінде Зайсан мен оған іргелес Тарбағатай, Көкпекті аудандарын газдандыру жоспарда тұр.
Алдымен – ішкі нарық. Егер қор мол болса, Қытайға экспорттау мәселесі қарастырылуы мүмкін. Бірақ нақты шешім барлау жұмыстарының қорытындысынан кейін қабылданады, – деді ведомство басшысы.