Қазақстанның Халық әртісі, белгілі кинорежиссер Талғат Теменовтің Қазығұрт тауына арналған «Қазығұрттың басында кеме қалған…» атты жаңа танымдық деректі фильмі көрермен назарына ұсынылды. «Хабар» телеарнасынан көрсетілген туынды YouTube платформасында «QazgurtV24» атауымен жарияланды.
Фильм ұлттық бітім-болмысымыздың терең қатпарларын әлемдік миф желісімен сабақтастыра отырып, тарихи-философиялық және мәдени-танымдық тұрғыда ашады. Туындыға еліміздегі және шетелдік ғалымдардың, зерттеушілердің, қоғам қайраткерлері мен жазушылардың сұхбаттары арқау болған.
Фильмнің негізгі өзегі – Қазығұрт тауы мен Нұх пайғамбардың кемесіне қатысты көне аңыз. Дүниені топан су басқан кезең, Нұх пайғамбардың кеме жасауы, жан-жануарларды жұп-жұбымен кемеге жинауы, адамдардың оған сенбеуі және Жаратқанның мейірімі туралы оқиғалар кеңінен баяндалады. Кеменің тоқтағаннан кейінгі тіршілік жаңғыруы, кемпірқосақтың пайда болуы мен адамзатқа жүктелген аманат та фильмнің маңызды мазмұндық желісін құрайды.
Талғат Теменов әлеуметтік желідегі жазбасында: «Жер бетіндегі бейбіт өмір мен тыныштықты, тазалық пен табиғатты, адалдық пен махаббатты тек пейілі таза жандардың жоғалтпасына сенемін…» деп, туындының рухани мұратын айқындайды. Қазығұрт туралы аңыз да осы ізгілік пен тазалыққа деген адамзаттық аңсарды бейнелейді.
Фильмде Қазығұрттың «Кеме қалған» шыңы, жергілікті жер-су атаулары мен киелі орындар туралы деректер ұсынылады. Сонымен қатар Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағаны туралы аңыздың түркі дүниетанымындағы орны, оның тарихи-мәдени мәні мен рухани астары кеңінен қарастырылады.
Туындының мазмұнында Ұлы Дала өркениетінің тарихы, түркі халықтарының мәдени мұрасы, көне жазба дәстүрі мен археологиялық жаңалықтар да қамтылған. Түркі өркениетінің адамзат тарихындағы орны, көне шежірелер мен тарихи деректердің сабақтастығы арқылы Қазығұрттың ұлттық дүниетанымдағы маңызы айқындала түседі.
Деректі фильмнің негізгі идеясы – технологиялық даму адамзаттың рухани кемелденуіне әрдайым ықпал ете бермейтінін көрсету. Автор адамгершілік, отбасы құндылықтары, үлкенге құрмет, ізгілік пен қайырымдылық секілді қасиеттердің қоғам өміріндегі маңызын ерекше атап өтеді. Сонымен қатар барша халықтың бауырластығы мен адамзаттың ортақ түп-тамырына қатысты ойлар қозғалады.
Қазығұрт туралы аңыздың тарихи шындықпен сабақтастығы жөніндегі мәселелер де көрерменді терең ойға жетелейді. Оның мыңдаған жылдар бойы халық жадында сақталып, түрлі мәдениеттерде жаңғыруы адамзаттың тазалыққа, әділеттілікке, мейірім мен бейбітшілікке деген ортақ аңсарын аңғартады.
Талғат Теменовтің жаңа туындысы ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Қазығұрттың киелі тарихын жас ұрпаққа таныстыру, ұлттық мұраны дәріптеу және өңірдің тарихи-мәдени ерекшеліктеріне қызығушылықты арттыру – фильмнің басты мақсаты.
Деректі фильмді YouTube платформасынан тамашалауға болады
