«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСот

Ғани Бейсембаев Гүлнәр Бажкеновадан 20 млн теңге талап етті

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың журналист Гүлнәр Бажкеноваға қарсы ар-намысы мен іскерлік беделін қорғау туралы талап арызын ішінара қанағаттандырды. Сот шешіміне сәйкес, журналист бұрынғы министрге 500 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұған дейін Бейсембаев 20 миллион теңге өтемақы талап еткен болатын.

Сотқа жүгінуге Гүлнәр Баженкованың 2025 жылғы 7 қазанда Facebook, Instagram және Telegram әлеуметтік желілерінде жариялаған жазбалары себеп болған. Онда Ғани Бейсембаев пен бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу арасында туыстық байланыс бар екені, сондай-ақ бұл қатынастың Бейсембаевтың мансаптық өсуіне ықпал еткені туралы мәліметтер келтірілген.

Бұрынғы министр бұл ақпараттарды шындыққа сәйкес келмейді деп есептеп, олардың өзінің ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін мәлімдеген. Осыған байланысты ол журналистен даулы жарияланымдарды өшіруді, әлеуметтік желілерде теріске шығару жариялауды және 20 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуді талап етті. Сонымен қатар мемлекеттік баж бен заңгерлік қызмет шығындарын өтеуді сұраған.

Ал Гүлнәр Бажкенова талап арызбен келіспей, жарияланымдардың салдары мен сұралған өтемақы мөлшері жеткілікті дәлелденбегенін алға тартты. Ол талапты қанағаттандырудан бас тартуды немесе өтемақы көлемін орынды мөлшерде белгілеуді сұраған.

Сот даулы жарияланымдарда келтірілген мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді және Ғани Бейсембаевтың ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деген қорытындыға келген. Шешімде жауапкердің жарияланған ақпараттардың шынайылығын растайтын дәлелдер ұсынбағаны атап өтілген.

Нәтижесінде сот Гүлнәр Бажкеновадан Ғани Бейсембаевтың пайдасына 500 мың теңге моральдық өтемақы және 7 162 теңге мемлекеттік баж шығынын өндіру туралы шешім қабылдады. Алайда бұрынғы министрдің 20 миллион теңге көлеміндегі өтемақы өндіру туралы талабы толық қанағаттандырылған жоқ.

Сондай-ақ заңгерлік қызметке жұмсалған 1 миллион теңгені өндіріп алу жөніндегі өтініші де кері қайтарылды. Бұған талапкердің аталған шығындарды нақты төлегенін растайтын құжаттарды ұсынбауы себеп болған.

Бұдан бөлек, Гүлнәр Бажкеноваға даулы жазбаларды әлеуметтік желілерден алып тастап, Facebook және Instagram парақшаларында, сондай-ақ Telegram арнасында теріске шығару жариялау міндеттелді. Бұл талаптар сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде орындалуы керек. Ал теріске шығару туралы жарияланымдар кемінде 30 күн бойы ашық қолжетімді болуы тиіс.

Еске салайық, 2026 жылғы 18 тамызда Гүлнәр Бәжкенова сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда кәмелетке толмаған, 14 жасқа толмаған баласы бар болғандықтан, сот жазаны өтеуді екі жылға кейінге қалдырған.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда «Car City» сауда орнында жүргізілген рейдте 40-тан астам адам ұсталды

«Қазақстан» РТРК-ның жаңа Басқарма төрағасы тағайындалды

РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕГЕМЕНДІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕСІ