Солтүстік Қазақстан облысында тұратын Жансұлу Дархамбаева босанғаннан кейін бірден түрмеге қамалуы мүмкін еді. Алайда бұл жағдайға қоғам бейжай қарамады. Белсенділер, құқық қорғаушылар, журналистер мен немқұрайлы емес азаматтардың үнқосуы нәтижесінде әділетсіздікке жол берілмеді.
Қоғам белсендісі Абзал Достияр бұл жаңалықты Facebook парақшасында сүйінші сұрап жариялады.
Еске сала кетейік, Жансұлу Дархамбаева «ұлтараздықты қоздырды» деген айыппен сотталып, оның үкімі қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Ол — кішкентай баласы бар ана, жуырда ғана босанған келіншек. Сот үкімі оны сәбиімен бірге түрмеге жіберуді көздеген.
Алайда елдің әр аймағынан жүздеген азамат бұл шешімге наразылық білдіріп, билікке дауыстарын жеткізді. Ақпарат құралдарының, құқық қорғау ұйымдарының және азаматтық қоғамның бірлескен әрекеті өз нәтижесін берді — Жансұлу Дархамбаева бостандыққа шықты.
Дегенмен, ол толық ақталған жоқ: сот жазасын өтеу мерзімін екі жылға кейінге қалдырды. Бірақ бүгінгі ең маңызды жаңалық — Жансұлу түрмеге емес, сәбиін құшақтап үйіне оралды.