«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Мес-Атада Жауғашты батырдың рухына тағзым етіліп, ас берілді

Мес Ата
  • 10 мамыр 2005 жыл Алматыдан қасиетті Түркістан қаласына Fly Arystan ұшағымен Бауыржан, Арман, Тамерлан, Ермұхаммед, Дінмұхаммед алтауымыз келіп қондық сағ 15:30-да Астана уақытымен.
Мақсатымыз Игілікте (Мес-Атада) Жауғашты атамызға арнап берілетін асқа қатысу. Асты Мес-Атада тұратын Қара атадан тараған ұрпақтары берді.Түркістан аэропортында бізді Абай баламыз күтіп алды. «Керуен Сарай» отеліне орналасқаннан кейін, Құлатай ата мешітіне, Жауғашты батыр кесенесіне барып құран бағыштадық. Одан кейін Игілікке жол тарттық.
Айта кететін жағдай Түркістандағы Абай балам өз машинасын берген, Бауыржан өзі айдап жүрді.
10-мамыр күні Қонақасы берілетін күн. Біз айтылған уақытысында сағат 18:00-де жеттік. Жолда Бабай-қорған аулындағы сыныптас жолдасым Жантілестің үйіне кіріп сәлем беріп шықтық. Жантілес менен екі жас үлкен. Қартайып, аппақ қария болыпты. Асқа бара алмайтынын айтты. Игілікте Мес-Ата әулие бұлағының қасына 160 және 120 адам сиятын екі палатка (шатыр), 12 қанат екі қазақи үй, 8 қанат және бір үй тігіліпті.
Біз барсақ қонақ асына Түркістаннан Абай, Бабайдан біраз қонақтар келіп дастарханға жайғасып үлгеріпті.
Бізге арналған дастарханға жайғастық. Осы кезде Жетісайдан Әліп ініміз бастаған алты жігіт делегациясы келіп бізге қосылды. Ашық жарқын амандасып жатырмыз, бұрын кездеспеген жауғашты ағайындар. Әліптің алдына аспен бірге арнайы қойдың басы тартылды. Қасымызда Қанат бауырымыз бірге отырды. Жақсы сұхбат құрдық. Жетісай елінің жағдайы, шаруашылықтары жайлы. Алыстан келген кісілерге арнайы жататын үйлер дайындалып, ол кісілер жақсы дем алды.
Жанымыздағы столда Аманкелді, Қадыр, Мұрат, Әбдікамалдар және тағы басқа жігіттер отырды.
Қалдыбаймен ақылдасып (асты ұйымдастырушы) ертеңгі болатын жиынға орын дайындадық. Микрофон төрде Мес Ата аңызы жазылған монументтің алдында тұратын болды. Түнде Түркістанға отельге келіп дем алдық.
11-Мамыр 2025 жыл.
Таңертең отельден шайланып алып, Игілікке жол тарттық. Асты ашу рәсімі сағат 12:00-ге белгіленген.
Асаба Айдар деген жігіт – журналист, Сауран ауданының мәдениет бөлімінде қызмет етеді. Сөзге шешен әбден ысылған жігіт екен.
Асты ашу рәсімі маған тапсырылған, Асаба маған сөз берді.
Мес-Ата тарихы туралы келген халықты қысқаша таныстырып, келген ағайындарға арналған арнау өлеңімді оқыдым.
Мес – Атадағы Жауғашты асына арнау
Сәлем бердім «Мес – Ата» басымды иіп,
Халқыңды отырсың – ау бүгін жиып.
О, жаратқан айналдым құдіретіңнен,
Жүрсінші шарапатың бізге тиіп.
Мес – Атада аруақтар жатқан жер,
Мес жарылып мөлдір бұлақ атқан жер.
Ақ маңдайлы «айдарлы бала» тұра сап,
Жылаған – Ата мекеніне қашқан жер.
Аруақтарды қозғайын «Месте» жатқан,
Ол кездерде арайланып таңдар атқан.
Құшақтасып көрісетін оянғанда,
Жатар кезде қоштасып, күндер батқан.
Ер Мухаммед – Жауғашты батыр ата,
Қудың – ау жоңғарларды бытырлата.
Сондықтан атандың сен Жауғашты боп,
Қарт тарихтан сөз қозғадым болмас қата.
Мес – Атада Ер Қараның ұрпақтары,
Мекен қылып Жерұйықты тұрақтады.
«Кеңес» кезде Игіліктей «колхоз» құрып,
Түтіндері тура шығып будақтады.
Арнау сөзді Жаманбайдан бастасам,
Құрбан ата, Қылбеулерді топтасам.
Мес Атада Жауғашты Ата асына,
Басшылары, келіңіздер бас қосам.
Ағайынды Андас пенен Балапан,
Бозторғаймен туыс қылды жаратқан.
Қош келдіңдер Жауғаштының асына,
Туысқанбыз құшағымыз жарасқан.
Аруағыңнан айналайын Қара атам,
Қадірберді, Қасқа, Нұр мен Баба атам.
Мына бүгін атамыздың асында,
Құшақ жайып, бір болғанды жаратам.
Жауғаштының немересі Қараның,
Әсілдейін ақ сүтімен ананың.
Еңбек етіп, елі үшін аянбай
Орындап жүр парыздарын баланың.
Біз тұрған жер әулиелі «Мес – Ата»,
Ал ағайын шын көңілмен бер бата.
Есте қалар ойдағыдай тойлайық,
Келешекке үлгі болар, ойлайық!
Ауылдағы Кентауда тұратын жауғаштылардың ең үлкені 94 жастағы Әнепия ақсақал бата берді.
Келген ағайындарға басқан қадамдары сауаптан болсын, еліміздің бірлігі арта берсін, келешек жарқын болсын – деді ақсақал.
Батадан кейін Қазақстан әнұраны орындалды. Жұрт тік тұрып, жүректеріне қолдарын қойып тыңдады. Біздің әнұранымыз өте әдемі, жігерлі ғой!
Қазақстан әнұраннан кейін жауғаштылар әнұраны болып кеткен «Жауғашты ата» әні орындалды. Бұл әнді де халық тік тұрып қарсы алды. Асқа әдейі арналған Мес-Ата кітабының 100 данасын ала барған едім. Ағайындарға арнайы таратылды.
Асқа жалпы саны бес жүзге жуық ағайындар, меймандар жиналды.
Астанадан, Алматыдан, Шымкенттен, Жетісай, Шардара, Шұбарсу елді мекендерінен Түркістан, Кентау, Жезқазған қалаларынан, Қаражон, Майдантал, Абай, Бабай ауылдарынан келген ағайындар бір- бірімен қауышып ашық – жарқын, қол алысып, құшақ жая амандасып жатты. Бұл кісілер орналасқан шатырларды, ақ жұмыртқадай тігілген қазақ үйлеріне жауапты жігіттер зыр жүгіріп  қызмет етіп жүрді.
Ағайындар бұл жігіттерге  ризашылығын білдіріп жатты.
Осы ұйымдастырулардан кейін ағайындарды дастарханға шақырды, Асаба жігіт. Ас кезінде сөз беру басталды.
Бірінші сөзді жауғашты руының Рубасы Мұрат бастаған Жаманбай атадан тараған ағайындардың, жауғашты атадан тараған бауырлардың рубасшылары ортаға шығып өте керемет аталық сөздер айтып, ел бірлігіне арналған бұл ас басқа асқа қарағанда жаңаша, қазіргі өмірімізге өте лайықты ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
Барлық сөз сөйлеген шешендерге салтымыз бойынша шапан жабылды.
Екінші сөз алған топ, аудан, ауыл әкімшіліктерден келген, депутаттар корпусынан келген меймандар болды. Бұл кісілер де астың өте жоғары, мәдениетті түрде ұйымдастырғанын атап өтті.
Үшінші топ жауғашты атаның үлкендеріне берілді.
Мұса, Амангелді, Әліп, Әбдікамал, Мүтәліп, Ережеп т.б. қариялар.
Алыстан келген меймандарды өз уақыттарын бөліп келгендері үшін ризашылығын айтып, ел бірлігі үшін  жасалып жатқан жиындар осылайша жалғасын таба береді деген тілектер айтылды. Осы сөз араларыдна бір топ құрметті азаматтарға «Жеңістің 80 жылдығы» медалі тапсырды.
Әнші, композитор Жупаркүл Бекшораева қарындасымыз Игілік – туған жерге арналған бірнеше әндер орындап берді.Оған қосымша Әбдікамал бауырымыз өзінің баритон даусымен әндер айтып, жұрттың көңілінен шықты.
Ортада микрофон тұрды. Сөйлеймін деушілерге дайын тұрды. Нәзен апайымыз, Гүлдария қарындасымыз жүректен шыққан лебіздерін білдіріп, елдің жүрегіне жол тауып, көздеріне жас алдырды.
Көптен көріспеген ағайындар, бауырлар бір-бірімен кездесіп сағыныштарын жеткізіп жатты. Туыс деген, ағайын деген – құдайдың адамдарды бір-біріне құштарлық үшін жаратқан жандары екеніне көз жеткіздік. Астың аяғы, батадан кейін көкпарға рұқсат беріліп, көкпардаы аттар сүрінбесін деген батамен ел тарай бастады.
Ережеп бауырымыз көкпарға 500 000 теңге қойылғанын айтып хабарлады. Көкпар өте тамаша тәртіпті өтті. «Алла осындай ауызбіршіліктен айырмасын, көріскенше күн   жақсы, аман есен елдеріңізге жетіңіздер, алыстан келген ағайындар» деп қоштасып жаттық. Ал біз немере-шөберемізбен ертеңіне (12.05) Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне Құлатай ата мешітіне, Жауғашты ата кесенесіне арнайы барып, құран бағыштап суретке түстік.
11.05.25 ас тарағаннан кейін Құлатай Ата, Әлимаш апа, Клара Біржандардың жатқан жерлеріне барып тағзым етіп құран бағыштадық. Осы күні кешке Алматыға оралдық.
P.S.
Мұндай кішкентай ауылда үлкен асты ұйымдастырып өткізу оңай емес.
Осы асты өткізу барысында күні-түні тыным таппай шала ұйықтап жүріп ат салып жүріп ұйымдастырған Ережеп (Қалдыбай) бауырыма ерекше ризашылығымды білдіремін.
Ережепке көмек ақыл кеңесін аямаған Мұсахан ініме, Нұржан, Камалбек, Пердехан Мес-Атада тұратын бауырларыма ерекше рахметімді айтамын және тағы басқа аты аталмаған  көп жәрдем берген жігіттергі басымды иемін.
Айналайындар, дендерің сау болып бала-шағаның қызығын көріңдер.
Ағайынның бірлігі үшін жасап жүрген еңбектерің жана берсін.
Мес-атадағы аруақтар жауғашты ата аруақтары қолдап жүрсін.
Алла разы болсын!
10-11.05.2025
Өскенбай Құлатайұлы,
ҚазақстанЖазушылар Одағының мүшесі

Ұқсас жаңалықтар

Діни алауыздық тудырған 4 қазақстандық ұсталды

Шерзат өліміне күдіктілердің туған күн тойлаған видеосы бойынша тексеріс басталды

Тысячи заключенных могут выйти на свободу: закон об амнистии принял Мажилис

Пікір жазу