«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Қайырымдылықты бизнеске айналдырған ерлі-зайыптылар: Баласының еміне деп ақша жинап, құмар ойын ойнаған

Астана қаласында ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтар ұлдарының еміне жиналған 1,3 миллиард теңгені жеке қажеттіліктеріне жұмсады деген күдікке ілінді. Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлады. Ақпаратты кейін Астана қалалық сотының баспасөз қызметі растады.

Бастапқыда жұп ауыр диагноз қойылған ұлдары Алтаирге шетелде ота жасату үшін қаражат жинауға кіріскен. 2020 жылдан бастап олар Instagram желісіндегі @altair_tota парақшасы арқылы жұртшылыққа эмоционалды үндеулер жасап, қайырымдылық акциясын ұйымдастырған. Ем үшін 50 миллион теңге жеткілікті болса да, олар жарнамалық кампанияларға қаржы салып, қаражат жинауды тоқтатпаған.

Нәтижесінде төрт жыл ішінде олар 350 мыңнан астам адамның көмегімен 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат жинап алған. Алайда тергеу материалдарына сүйенсек, бұл қаражаттың небәрі 6 миллионы ғана баланың нақты еміне жұмсалған. Қалған ақша шетелге саяхаттауға, құмар ойындарға, брендті киім мен жылжымайтын мүлік сатып алуға кеткен.

Соттың ресми мәлімдемесінде:

> «Ата-анасы әлеуметтік желідегі парақша арқылы баласының денсаулығы туралы жалған ақпарат таратқан. Қоғамның сенімін теріс пайдалану арқылы ірі көлемде қаржы жинап, оны мақсатсыз бағытта жұмсаған», – делінген.

Қазіргі уақытта Дәулет және Толқын Тотақановтарға ҚР Қылмыстық кодексінің «Аса ірі көлемде алаяқтық жасау» және «Қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру» баптары бойынша айып тағылып отыр. Қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралуда.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда электр энергиясының тарифтері қымбаттамақ

Батыс Қазақстан облысындағы бес баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Астана әкімдігі гейлер арасындағы ВИЧ-тің таралмауына 15 миллион теңге бөлді

Пікір жазу