Алматы әкімдігі Сайран көлінің абаттандыру жұмыстарының кешігуіне байланысты бас мердігер — «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамын сотқа берді. Қалалықтар мен туристердің сүйікті демалыс орнына айналған көл жағалауында құрылыс әлі толық аяқталған жоқ.
Сайран — Алматыдағы ең ауқымды әрі қымбат жобалардың бірі. Алайда 12 миллиард теңге бөлінген жоба белгіленген мерзімде тапсырылмаған. Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы келісімге сай, жұмыстар мамыр айында аяқталуы тиіс еді. Алайда жаздың соңына таяса да, құрылыс аяқталмай отыр.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы бөлімінің міндетін атқарушы басшысы Оңалбек Қыдырбаевтың айтуынша, әкімдік мердігерге бірнеше ескерту жасағанымен, нәтиже болмаған.
«Мамырда нысан толығымен тапсырылуы керек еді. Бірақ ол мерзім де, маусым да өтті. Сондықтан сотқа жүгіндік», – деді ол.
Әкімдік енді мердігерді мемлекеттік сатып алуларға «адал атқармайтын» компания ретінде тануды қарастырып отыр.
Соған қарамастан, «Павлодар өзен порты» компаниясы жұмысты 2025 жылдың жаз айының соңына дейін аяқтауға уәде берген. Қазір мердігер қызметі қатаң бақылауда.
Тұрғындар жағалауды өз беттерінше демалыс орнына айналдырып үлгергенімен, олар жағалаудағы инфрақұрылымның толыққанды болуын күтуде.
Қала тұрғындарының ұсыныстары әртүрлі:
-
«Кафелер, шағын мейрамханалар, би алаңдары болады деген. Соларды күтіп жүрміз»;
-
«Көбірек көгалдандыру болса дейміз. Суару жүйесі де маңызды. Алматының жазы өте ыстық»;
-
«Ұлттық нақыш жетіспейді. Ұлы тұлғалардың нақыл сөздері жазылған тақтайшалар орнатылса, жақсы болар еді».
Айта кетейік, маусым айында Сайран көлінде екі адам суға батып, қайтыс болған соң, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Көл аумағы қоршалып, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет судың сапасына қатысты ескерту жасаған.
Egov порталының дерегінше, жоба мердігері — «Павлодар өзен порты» АҚ «Сан» ЖШС-ға тиесілі. Ал бұл компанияның иелері — 41 жастағы Долорес Пшембаева мен 21 жастағы Анетта Сағынбек. Белгілі болғандай, Долорес — бұрынғы мәжіліс депутаты Мейрам Пшембаевтың қызы, ал Анетта — бұрынғы төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пшембаевтың жиені.
