«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратӘлеумет

«Қызғаныштан көзім қарауытып кетті»: Әкім орынбасарына шабуыл жасаған ер адамның соттағы мәлімдемесі

Қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісіне байланысты сот процесі жалғасуда.

Айыпталушы – бұрын «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ін басқарған Ернар Жиембай. Ол кінәсін ішінара мойындап, шенеунікті қорқыту мақсатында аңшы мылтығын қолданғанын мәлімдеді.

Прокурор: «Қасақана өлтіру мақсатында бес рет оқ атқан»

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, 21 сәуірде сағат 20:55 шамасында Ернар Жиембай әкімдіктің Б корпусы ғимаратынан шыққан Руслан Берденовке қарай жүгіріп келіп, аңшылық қарумен Kia K8 көлігінің айналасында қашып жүрген Берденовке бес рет оқ атқан. Салдарынан жәбірленуші ауыр жарақат алған.

Жиембай Берденов жерге құлаған соң, тағы бір бақылау оғын атпақ болған, алайда қаруындағы оқ-дәрі таусылған. Айыптау нұсқасына сәйкес, бұл сәтте олардың арасында жұлқысу болып, мылтық Жиембайдың қолынан түсіп кеткен. Осы кезде Қалымбетов есімді азамат Жиембайды көлігімен соғып тоқтатқан.

Прокурордың сөзінше, айыпталушы адам өлтіру әрекетін «өзіне байланысты емес мән-жайларға» байланысты соңына дейін жеткізе алмаған.

Жәбірленуші сотқа қатыспады

Сот процесі мемлекеттік тілде өтіп жатыр. Жәбірленуші Руслан Берденов сотқа қатыспады. Оның өкілі Жеңіс Тыныбектің айтуынша, ол қазіргі уақытта емделіп жатыр.

Ернар Жиембайға ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») және 24-бабының 3-бөлігі («Адам өлтіруге оқталу») бойынша айып тағылған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, шабуылға себеп – сол күні әкім орынбасарының нұсқауымен Жиембайдың қызметінен босатылуы болған. Ол – екі баланың әкесі, бұрын әкімдікке қарасты мекемені басқарған.

Еске сала кетейік, 21 сәуірде әкімдік ғимаратының алдында орын алған шабуыл нәтижесінде Руслан Берденов жамбас және иық тұсынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілген болатын. Дәрігерлер оған шұғыл ота жасаған.

Ұқсас жаңалықтар

Астанада заңсыз ет өңдеу нысаны жабылды

Абылай Мырзахметов өзін мерзімінен бұрын босатуды сұрады

Бекежан Жәкеев “Қазпошта“ басшысы болды