Павлодардағы банк тонау ісі бойынша төрт Ресей азаматы қамауға алынды. Қылмыстық іс 2024 жылғы 11 қарашада Павлодар қаласында тіркелген.
Тергеу деректеріне сәйкес, Қазақстан Халық Банкі АҚ бөлімшесінің депозитарийінен зергерлік бұйымдар мен түрлі валютадағы ақша қаражаты ұрланған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын шамамен 400 миллион рубльді (2,57 млрд теңгеге жуық) құрайды. Күдіктілерге аса ірі көлемде, ұйымдасқан топ құрамында ұрлық жасады деген айып тағылған.
Бұған дейін банк филиалының қабырғасы бұзылып, бір миллиард теңгеден астам қаражат қолды болғаны хабарланған. Іс бойынша шамамен 40 адам жәбірленуші деп танылды. Тергеу жалғасып жатыр, нақты шығын көлемі әлі нақтылануда.
