Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхке еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – “Алтын Қыран” орденін табыстады.
Мемлекет басшысы бұл марапаттау рәсімі тарихи сапар аясында өтіп жатқанын атап өтіп, оны қазақ тарапы үшін зор мәртебе деп бағалады.
Салтанатты жиында сөйлеген Тоқаев Ухнаагийн Хүрэлсүхті өз елін дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан парасатты әрі білікті саясаткер ретінде сипаттады. Ол Моңғолиядағы әлеуметтік-экономикалық дамуды, жаңа жобалардың жүзеге асуын және ел беделінің артуын ерекше атап өтті.
Президент екі ел арасындағы қатынастардың шынайы достық пен өзара құрметке негізделгенін айтып, соңғы жылдары қазақ-моңғол байланысы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін жеткізді.
“Қазіргі алмағайып кезеңде мұндай ықпалдастықты нығайтудың маңызы зор. Бұл екі халықтың да ортақ мүддесі”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Ухнаагийн Хүрэлсүх Қазақстан басшысына көрсетілген жоғары құрмет үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін айтты.
Айта кетейік, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы орнаған. Содан бері екі ел саяси, экономикалық және мәдени бағыттарда тығыз байланыс орнатып келеді.
