Қызылорда облысының әкімі болып Мұрат Ергешбаев тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Мұрат Ергешбаев еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Жамбыл кеңшарында экономист болып бастаған. 1990 жылы Сырдария аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінде экономист, кейін экономикалық жоспарлау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.
1993 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан Әлем-Банкі» басқармасында несиелік маман, несие бөлімінің бастығы, басқарма бастығының орынбасары болды. 1996 жылдан бастап Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды.
1998–2001 жылдары Қызылорда облыстық Халық банкі филиалының директоры, 2002 жылы облыстық еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бастығының орынбасары болды. 2004 жылы Қызылорда қалалық қаржы бөлімін басқарды.
2006 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Өрт сөндіруші» АҚ-да экономика және қаржы жөніндегі вице-президент қызметін атқарды. 2008 жылдан бастап Қызылорда қаласының әкімі болды.
2010 жылдан бастап облыстық қаржы басқармасының басшысы, сондай-ақ Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі қызметтерін атқарған. Бұдан бөлек, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары, «ҚазАгроӨнім» АҚ басқарушы директоры – аппарат басшысы қызметтерін атқарды.
2017 жылдың маусым–қазан айларында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарды. 2017–2021 жылдары Қазалы ауданының әкімі, 2021 жылдан бастап Сырдария ауданының әкімі болды. 2023 жылдан бері VIII сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты қызметін атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысын басқарған Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалған.
