«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпаратСаясат

Бауыржан Байбек 4 жылдан кейін Қазақстанға оралды: жаңа қызметі белгілі болды

Бауыржан Байбек Қазақстандағы қызметіне қайта оралды. Ол қазір Qazaq Kaolin тау-кен байыту комбинатының директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарады.

Еске салайық, 2022 жылдың ақпанында ол сол кездегі “Nur Otan” партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен өз еркімен кеткен болатын. Кейін білім алу мақсатында Біріккен Араб Әмірліктеріне кетіп, онда екі жылдан астам уақыт тұрған. Осы кезеңде Қазақстандағы жобаларға шетелдік инвестиция тартумен айналысқан.

Байбектің әпкесі Айгүл Байбектің айтуынша, кейін ол Жапонияға қоныс аударып, жапон капиталы мен технологияларын Қазақстанға енгізуге бағытталған инновациялық жобаларды дамытқан.

Сонымен қатар, Бауыржан Байбек 2022 жылдың наурыз айынан бастап Qazaq Kaolin компаниясында онлайн форматта кеңесші болған. Сол уақытта компания Ақмола облысында каолин өңдейтін зауыт құрылысын бастаған еді. Биыл сәуір айының соңында тау-кен байыту комбинатының техникалық іске қосылуы өтті.

Компанияның тең иелері қатарында 26 жастағы Бекзат Керімбай мен Бауыржан Байбектің әкесі — 86 жастағы Қадырғали Байбек бар. Айта кетейік, 2023 жылдың шілдесінде БАҚ-та Қадырғали Байбекке қатысты Астана қаласының мамандандырылған халықаралық сотында заңсыз құрылысқа байланысты екі іс қаралғаны туралы ақпарат тараған.

Компания іске қосылардан бірнеше ай бұрын Байбек кеңесші қызметінен директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалған. Бұл туралы ақпарат компанияның ресми сайтында жарияланған.

Сондай-ақ оның өмірбаянында 2020–2022 жылдары Birgemiz қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болғаны көрсетілген. Қор пандемия кезінде жеке қайырымдылық есебінен шамамен 80 млн АҚШ долларын жинап, ел бойынша 100 мыңнан астам әлеуметтік осал отбасына қаржылай көмек көрсеткен. Жалпы қамту көлемі 2,2 млн адамға жеткен.

Бұдан бөлек, Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, компания әлеуметтік жауапкершілік аясында өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға 650 млн теңге инвестиция салған.

Ұқсас жаңалықтар

Шерзатты құлағаннан кейін ұрды, Нұрқанатқа да пышақ тықты – әжесі

Redaktor Shyn-Ar

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласының азаматтығы күмән тудырды

Redaktor Shyn-Ar

Зеленский бейбітшілік үшін кез келген диалогтан бас тартпайтынын мәлімдеді