Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде Voenmart пилоттық жобасын іске қосып жатқанын хабарлады. Жаңа жүйе сарбаздарға қажетті тауарлар мен тағамдарға тапсырыс беріп, оларды әскери бөлім аумағына тегін жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жоба Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімінде, Гвардейск гарнизонының оқу орталығында, Астанадағы 68665 әскери бөлімінде және Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде сынақтан өткізіліп жатыр.
Министрліктің мәліметінше, Voenmart дәстүрлі әскери дүкендермен салыстырғанда әлдеқайда кең ассортимент ұсынады. Әскери қызметшілер жеке гигиена құралдарына, тігін бұйымдарына, жеміс-жидекке, шырындарға, тіскебасарларға, нан өнімдеріне және күнделікті қажетті басқа да тауарларға тапсырыс бере алады.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – ыстық тағамдарды жеткізу қызметі. Сарбаздар бәліш, бургер, пицца секілді тағамдарға тапсырыс беріп, оларды ыстық күйінде ала алады.
«Жеткізу қызметі толықтай тегін. Әскери қызметшілер қосымша комиссия немесе қызмет көрсету ақысын төлемей, тек тауардың құнын ғана өтейді», – деп мәлімдеді ведомство.
Жобаның тиімділігі бағаланғаннан кейін оны еліміздің өзге әскери бөлімдеріне кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
