Докторанттардың ай сайынғы шәкіртақысын 2029 жылға дейін 500 мың теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазір PhD докторанттары ай сайын шамамен 260 мың теңге шәкіртақы алады. Соңғы бес жылда оның мөлшері екі есе өскен. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.
Саясат Нұрбек мұндай қолдау жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар мемлекет басшысының қолдауымен жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министрдің сөзінше, соңғы екі жылда 813 жас ғалым тұрғын үй алған.
