Алматы қаласында Сайран көлінің маңындағы жеке сектор аумағынан атыс қаруы мен оқ-дәрілер анықталды. Қауіпті заттар Садовников көшесіндегі тұрғын үйлердің біріне жақын жерден табылған.
Оқиға туралы хабар түскеннен кейін Әуезов аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы оқиға орнына барған. Құқық қорғау органдары қару мен оқ-дәрілерді заң талаптарына сәйкес тәркілеп, сараптамаға жолдады.
Алдын ала болжам бойынша, табылған қару газды қару санатына жатуы мүмкін. Алайда оның нақты түрі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қарудың шығу тегін, кімге тиесілі екенін және қандай жағдайда сол жерге қалдырылғанын анықтап жатыр. Сондай-ақ оның бұрын қандай да бір құқық бұзушылық немесе қылмыс жасау кезінде пайдаланылған-пайдаланылмағаны тексерілуде.
Әзірге қаруды қалдырған адам мен оның ықтимал оқиғаларға қатысы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы «Хайвил» тұрғын үй кешендерінің біріндегі пәтерден қару-жарақ табылғаны хабарланған болатын. Назарбаев университетінің маңындағы тұрғын үйде екі шетелдік азамат ұсталып, олардан мылтықтар мен тапаншалар тәркіленгені айтылған.
