Нұрсұлтан Назарбаевтың Асель Исабаевадан туған үлкен ұлы Тауман Назарбаев үйленгелі жатыр. 21 жастағы Тауманның үйлену тойы Астанадағы ең қымбат қонақүйлердің бірі — The Ritz-Carlton, Astana-да өтеді деп жоспарланған.
Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, тойға байланысты қонақүй маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Аумақты қоршау жұмыстары мерекеге бір күн қалғанда басталған.
Тойға саясаткерлер, ірі кәсіпкерлер және Нұрсұлтан Назарбаев президент болған жылдары елдегі ықпалды топқа кірген бірқатар элита өкілдері қатысады деп күтілуде.
Тауман Назарбаев 2005 жылы дүниеге келген. Оның анасы — Асель Исабаева, көпшілікке Асель Құрманбаева деген есімімен де белгілі. Ол 1999 жылы «Мисс Қазақстан» атанған.
Нұрсұлтан Назарбаев екінші отбасы туралы көп жыл бойы ашық айтқан жоқ. Экс-президент бұл тақырыпты алғаш рет 2023 жылы жарық көрген «Менің өмірім» атты мемуарында қозғады. Оның айтуынша, Асельмен мұсылмандық дәстүр бойынша некеге тұрған. Бұл отбасында екі ұл дүниеге келген: Тауман 2005 жылы, Байкен 2008 жылы туған.
2024 жылдың наурызында Тауман Назарбаевтың есімі қайтадан ақпарат құралдарында аталды. Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріндегі New York University Abu Dhabi кампусында қазақстандық студенттермен кездескен кезде, оның жанында Тауманға ұқсайтын жас жігіт болған.
Тауманның жеке өміріне қатысты бұған дейін де ақпарат тараған. 2023 жылдың көктемінде оның сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қызы Анадэль Майдановамен құда түскені туралы мәлімет жарияланған. Алайда кейін министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарып, Тауман мен Анадэльдің сыныптас болғанын мәлімдеді.
Тауман Назарбаевтың аты 2022 жылы «Азаттық» жариялаған журналистік зерттеуде де аталған. Зерттеуде Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі кейбір мүліктің ұлдарының атына қайта рәсімделе бастағаны айтылған. Олардың қатарында елордадағы сарайлардың бірі мен оған тиесілі жер учаскелері болған. Зерттеу авторлары бұл мүліктің 17 жастағы Тауман Назарбаевтың атына өткенін хабарлаған.
