Алматы облысындағы Қонаев – Бақанас бағытында қатынайтын жүргізушілер 124 шақырымға созылатын тасжолды күрделі жөндеуден өткізуді сұрап отыр. Олардың айтуынша, кеңес дәуірінде салынған жол бүгінде әбден тозып, қауіпсіздік талаптарына толық сай келмейді.
Екі жолақты тасжолда көше жарығы қарастырылмаған. Ал баяу жүріп келе жатқан көлікті басып озу кезінде жүргізушілер қарсы бағыттағы жолаққа шығуға мәжбүр. Бұл, әсіресе, түнгі уақытта жол-көлік оқиғасының қаупін арттырады.
Жолдың тағы бір мәселесі – екі қапталында қоршаудың болмауы. Жүргізушілердің сөзінше, қараңғы түскенде тасжолға үй жануарлары мен жабайы аңдар жиі шығады. Мұндай жағдайда көлік жүргізушілері жолды тек автокөліктің жарығымен бағдарлауға мәжбүр.
Жүргізуші Есболат Мықтыбаевтың айтуынша, жолдың түнгі уақытта қауіптілігі жоғары.
«Түнде бұл жолмен жүру қиын. Жарық жоқ, жолдың екі жағында мал көп. Әрине, жылдамдықты азайтамыз. Бірақ жол бойында жануар өте жиі кездеседі. Жарық орнатылса немесе тым болмаса жолдың екі жағына қоршау қойылса, жақсы болар еді», – дейді ол.
Қонаев – Бақанас бағытымен тәулігіне шамамен мыңға жуық көлік қатынайды. Алайда жолдың жағдайына жауапты мамандар тасжолды әзірге қанағаттанарлық деп бағалап отыр.
Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұрдәулет Асқаровтың айтуынша, жолды төрт жолаққа дейін кеңейту үшін қомақты қаржы қажет.
«Барлығы көлік қозғалысының қарқындылығына байланысты. Бақанасқа дейінгі жолды төрт жолаққа кеңейту өте көп қаражатты қажет етеді. Бұған дейін бұл жол жөнделген. Қазір жөндеуаралық мерзімі әлі аяқталған жоқ. Сондықтан кезекті жөндеу уақыты келген жоқ», – деді маман.
Осылайша, жүргізушілер жол қауіпсіздігіне алаңдап, жарық пен қоршау орнатуды сұраса, жауапты мекеме Қонаев – Бақанас тасжолын жақын уақытта күрделі жөндеуден өткізу жоспарда жоқ екенін мәлімдеді.
