«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Египеттік блогердің видеосынан кейін екі полицей қызметсіз қалды

Астанада туристік полицияның екі қызметкері әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін ішкі істер органдарынан шығарылды. Кадрларда полицей қыздардың бірі саяхат блогерімен бірге би билеп, кейін ер адам оны көтеріп алып, айналдырып жатқаны көрінеді.

Оқиға елордадағы «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығының алдында болған. Тревел-блогер екі полиция қызметкерімен бірге бірнеше би қимылын жасап, сол сәттерді видеоға түсірген. Кейін ол видеоны қазақстандық полиция қызметкерлерінің сұлулығы мен мейірімділігін атап өткен жазбамен жариялаған.

Алайда ролик әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Бірқатар желі қолданушысы полицейлердің әрекетін орынсыз деп санап, олардың видео түсірілген кезде қызметтік міндеттерін атқарып жүргенін атап өтті.

Астана полиция департаментінің хабарлауынша, қызметтік тексеру жүргізіліп, нәтижесінде екі қызметкердің қызметтік әдеп нормалары мен полиция қызметкерлерінің мінез-құлқына қойылатын талаптарды бұзғаны анықталған.

Департамент өкілдері полиция қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде және нысанды киімде жүргенде мұндай әрекеттерге жол бермеуі керектігін атап өтті. Сондай-ақ тәртіп сақшылары кез келген жағдайда кәсіби арақашықтықты сақтап, белгіленген әдеп талаптарын ұстануы тиіс.

Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша екі қызметкер де ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда наурыз айында тағы бір мереке пайда болмақ

Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімінің өтетін уақыты белгілі болды

Елімізде екі жоғары оқу орнының атауы өзгерді

Redaktor Shyn-Ar