«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

340 млн теңге: Астанада балаларға «қайырымдылық» желеуімен көшеде ақша жинатқан

Астана қаласының прокуратурасы саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық көліктер мен көшелерде рейд жүргізу барысында жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тарту жағдайын анықтады.

Рейд нәтижесінде:

  • 2008–2010 жылдары туған 8 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды;

  • Олар үш қайырымдылық қоры тарапынан ешқандай еңбек шартысыз волонтер ретінде жұмысқа тартылған;

  • Аталған қорлар ӘҚБтК-нің 86-бабының 3-бөлігін бұзған.

Прокуратураның мәліметінше, бұл қайырымдылық ұйымдары «қайырымдылық» деген желеумен шамамен 340 млн теңге көлемінде қаржы жинаған.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар:

«Кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тартқаны үшін қор басшыларына қатысты бөлек құқықтық баға беріледі. ҚР ҚК-нің 132-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылыққа тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеледі», — делінген прокуратура хабарламасында.

Еңбек заңнамасы да бұзылған:
ҚР Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес:

  • 16 жастан бастап еңбек шарты міндетті түрде жасалуы тиіс;

  • 14 жастан бастап тек заңды өкілінің келісімімен ғана еңбек шарты рәсімделеді.

Бұл талаптарды сақтамаған жұмыс берушілер ӘҚБтК-нің 86-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Прокуратура ескерту жасайды:

«Қайырымдылық қорлары мен ата-аналар балалардың заңсыз әрекеттерге қатысуына жол бермеуі тиіс. Олардың волонтерлік немесе өзге де іс-шараларға қатысуына мұқият назар аудару қажет», — делінген ресми хабарламада.

Еске салайық, енді қайырымдылық қорлары БАҚ-та есеп беру тәртібін сақтауға міндеттеледі. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайырымдылық көмек көрсету механизмін жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда екі немесе одан да көп жерде жұмыс істеуге тыйым салынбақ

Қазақстандықтар АИ-92 бензині мен автогаз қымбаттауына шағым түсіре алатын жедел желі ашылды

Грант ала алмағандарға жаңа мүмкіндіктер: Саясат Нұрбек үмітті үзбеуге шақырды