«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Ақтөбеде екі баласын тұншықтырып өлтірген әйелге сот үкімі шықты

Ол мәжбүрлі емдеуге жіберілді.

2025 жылдың 23 наурызында Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында ауыр қылмыс тіркелді. Төркініне емделу үшін келген 29 жастағы келіншек өз ұлы мен қызын тұншықтырып өлтірді. Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оған қатысты үкім жарияланды.

Айыпталушы әйелге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) айып тағылған. Сотта оның күйеуі, әкесі және ағасы куәлік беріп, келіншектің психикалық денсаулығындағы ауытқулар туралы айтып өтті. Марқұм болған балалардың анасы мектепті, колледжді және екі жоғары оқу орнын үздік аяқтаған, спортпен де белсенді айналысып, таэквондодан облыс чемпионы атанған. Тұрмысқа шыққаннан кейін Атырау облысының Сағыз ауылында тұрып, сол жерде екі баланы дүниеге әкелген.

Сотта сөйлеген әкесінің айтуынша, қызы соңғы кездері мазасыз күйде жүрген. “Имам мен дәрігерге көрсеттім, ем қабылдаған соң біраз тынышталды. Кейін мен жұмысқа кеткенімде, жағдайын телефон арқылы бақылап отырдым. Жағдайының нашарлағанын естіп, дәрі ішуін айттым. Араға екі сағат өткенде өзі қоңырау шалып, балаларын тұншықтырып өлтіргенін айтты. Енді кімге ренжиміз?” — деді ол сотта.

Сот сараптамасының қорытындысы бойынша, әйел ауыр психикалық дертке шалдыққан: параноидты шизофренияның депрессиялық-параноидты синдром түрі, суицидтік тенденциялары бар. Ол өз іс-әрекеттерін толық түсініп, бақылау қабілетінен айырылған.

Сот оның ақыл-есі дұрыс емес күйде қылмыс жасағанын мойындап, Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 93-бабының 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес, сотталушыны жіті бақылаудағы мамандандырылған психиатриялық стационарға мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу туралы шешім шығарды.

Еске салайық, қайғылы оқиғада 2022 жылы туған ұлы мен 2024 жылы дүниеге келген қызы қаза тапқан еді.

Ұқсас жаңалықтар

Онлайн-саудамен айналысатындар салық төлеушілер тізіміне енгізіледі

МВД: Пранки в полицейской форме могут повлечь уголовное наказание

Қытайға жер беріледі ме?: Министр жауап берді

Пікір жазу